Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екі рет күрделі ота жасалған: Алматыдағы аттракционда кәмелетке толмаған қыз ми жарақатын алды

Алматыдағы аттракционда кәмелетке толмаға қыз ми жарақатын алды

Фото: Zhanna Assanova/Facebook

Алматы қаласындағы саябақтардың бірінде орналасқан "Вальс" аттракционында кәмелетке толмаған қыз бала ауыр жарақат алып, жабық бас-сүйек-ми жарақатымен ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қайғылы оқиғадан кейін ол екі рет күрделі операциядан өтіп, қазір ұзақ әрі ауыр оңалту кезеңін бастан өткеріп жатыр.

Зардап шеккен қыздың анасы Мадина Аскенова бұл жағдайға саябақ әкімшілігінің салғырттығы себеп болды деп санайды. Оның айтуынша, аттракцион техникалық ақаулы болғанына қарамастан, пайдалануға берілген. Анасы қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғанын дәлелдейтін бейнежазбалар мен басқа да айғақтардың бар екенін айтады.

"Бұл жай ғана қайғылы оқиға емес, бұл – жауапсыздықтың, бейқамдықтың және адам өміріне немқұрайлы қараудың нәтижесі. Менің қызым денсаулығынан айырылды, ал кінәлілер әлі бостандықта жүр" – дейді қыздың анасы.

Анасының айтуынша, оқиға орын алған күннен бері Әуезов ауданының полиция басқармасы белсенді тергеу шараларын жүргізбеген.

"Аттракцион жұмысы тоқтатылмаған және техникалық тексеріс жүргізілмеген. Жауапты тұлғалар жазаланбаған, қазір басқа балалардың да өміріне қауіп төніп тұр. Кәсіпкерлердің бизнесі балалардың өмірінен артық болғаны ма? Қаншама уақыт өтті, бірақ ешбір қозғалыс жоқ. Мен әділеттілік үшін соңына дейін күресемін. Қажет болса, халықаралық ұйымдарға да жүгінемін”, – дейді Мадина Аскенова.

Мадина Аскенова аттракцион жұмысын техникалық сараптама аяқталғанға дейін дереу тоқтатуды сұрайды.

"Прокуратура, тәуелсіз сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысатын әділ тергеу жүргізуді сұраймын. Қауіпсіздік ережелерін бұзған және әрекетсіздік танытқан тұлғаларды жауапқа тарту қажет. Мен анамын. Баламның тағдыры үшін ештеңеден тайынбаймын", – дейді ол.

Оқиғаға қатысты депутат Жанна Асанова пікір білдірді. Ол осындай нақты жағдайдың өзінде мемлекеттік жүйе әділеттілікке қол жеткізе алмаса, онда әрекет ету моделін түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты.

"Аттракциондар саласындағы қауіпсіздік мәселесі Алматы қаласына ғана емес, бүкіл ел бойынша күрделі және жүйелі проблема. Көптеген аттракциондар техникалық тұрғыда күмәнді, ал жазатайым оқиғалар кезінде ата-аналар балаларын қорғай алмайды. Алматылық саябақтағы аттракционнан жарақат алған Мадина Аскенованың қызы. Біз бұған дейін алименттік міндеттемелер бойынша заң жобасын дайындау кезінде тығыз жұмыс істегенбіз. Енді дәл осы әділет үшін күресіп жүрген адамның өзі жүйелік әділетсіздіктің құрбаны болып отыр. Бұл оқиға менің жеке бақылауыма алынды. Құзырлы органдарға толық әрі бейтарап тергеу жүргізіп, кінәлілерді заң аясында жауапқа тарту туралы талап қойып отырмын”, – дейді депутат.

Дана Русланқызы
Жұма, 25 Шілде, 2025 22:17
Талқылау