Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жүзге жуық үлескер құрылыс сызбасындағы қате үшін пәтерлерін ала алмай әлек

үлескерлер пәтерін ала алмай жүр

Фото: Видеодан скрин

Алматыда бар жиған-тергенін құрылыс компаниясына салған жүздеген азамат пәтерлерін ала алмай жүр. Өткен жылы аяқталуы тиіс тұрғын үй кешені мерзімді уақытта пайдалануға берілмеген дейді үлескерлер. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үлескерлер “Көкжиек ситиден” үй аламыз деген ниетпен осыдан 2 жыл бұрын алғашқы жарна салып, тұрғын үй құрылысының аяқталуын күткен. Алайда былтыр баспананы сала бастаған құрылыс компаниясы банкрот болып, өзге компания жұмысты жалғастырыпты. Енді міне арада бір жыл уақыт өткеннен кейін, азаматтар құрылыс сызбасынан қате кеткендігін біліп, келісім-шартта көрсетілген үйлерін ала алмай сергелдеңге түсті.

“Бір апта бұрын ғана келісім шарттың бұзылуы туралы хабарлама келіп тұр. “Атриумнан” қабылдап алған кезде қателіктер кетті дейді. Қателік бізден емес қой. Өзімнің 43 шаршы метрлік пәтерімді берсін. Оған 10 шаршы метр қосылып, не алынғанын қаламаймын. Неге ол жобаны өзгертеді”, – деп наразы үлескерлердің бірі Жәңгір Ергенов.

Қазір компания ұсынып отырған нұсқалар үлескерлер үшін тиімсіз. Себебі олардың кейбірі үй алу үшін несие рәсімдеп, қолындағы бар ақшасын берген. Ал басым көпшілігі әлі күнге пәтер жалдап тұрады. 

“Біз 35 шаршы метрлік үй алуды жоспарлағанбыз. Келісім-шартқа отырғанда әр шаршы метрді 320 мың теңгеден есептескенбіз. Қазір бізге компания басқа блоктағы немесе өзге тұрғын үй кешенінен үй ұсынып жатыр. Олардың көлемі үлкен. Сондай-ақ бағасы шаршы метріне 385 мың теңгеден. Оны төлеуге біздің шамамыз жетпейді”, – дейді үлескер Меруерт Шегебаева.

Ал құрылыс компаниясының басшысы, ауыс-түйіс кезінде қателік кеткенін мойындап, тұрғындардың мәселесін шешіп береміз деп уәде берді.

“Өтінім қалдыру керек. Біз оны әріптестерімізбен талқылаймыз. Әр адамның мәселесі жеке қарастырылады. Біз бұндай ситуация болады деп ойлаған жоқпыз ғой. Бұл қабылданған кездегі қателіктер. Оны бірге шешуге дайынбыз. Ешкім пәтерсіз қалмайды”, – деп сендірді құрылыс компаниясының директоры Алтай Шарабаев.

Сондай-ақ үлескерлер  келісімшартта көрсетілген пәтерлерін алуды талап етіп отыр. Тіпті алғашқы жарнаға төлеген қаражаттарын қайтарып бермей-ақ қойсын дейді. Себебі екі жыл бұрын салған ақшаның құнымен, қазір қайтадан үй алу мүмкін емес. Амалы таусылған жандар мәселе тез арада шешілмесе құрылыс компаниясын сотқа береміз деп отыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 01 Тамыз, 2025 12:08
Талқылау
`