Алматыда жүк көлігі 7 жастағы қызды анасының көз алдында қағып кетті: Сот жүргізушіге шешім шығарды

Фото: Желі кадрларынан скрин
Алматыда анасының көз алдында 7 жастағы қызды қағып, жазым қылған жүк көлігінің жүргізушісіне үкім шықты. Ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 2 сәуірде Алатау ауданында болды. Renault жүк көлігінің жүргізушісі Бурундай көшесімен келе жатып, Новое көшесімен қиылыста жолды жаяу жүргіншілер өткелін кесіп өтпек болған баланы қағып кеткен. Әлеуметтік желіде жүк көлігі қызды қаққан сәттің видеосы тарады.
Кадрлардан баланың жолды кесіп өтпек болғаны, бірақ автобус оның алдын жауып, жол бермегені көрінеді. Қыз автобус өткенше күтіп тұрғанда, жүк көлігіне көрінбейтін аймаққа түсіп қалып, қайғылы оқиға орын алған. Барлығы анасының көз алдында болған. Әйел баласының қағылғанын көріп, айқайлап жолға жүгіріп шыққан.
Тергеу қорытындысы бойынша, Алатау аудандық соты жүргізушіні ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі ("Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда адамның өліміне әкеп соқтыру") бойынша кінәлі деп таныды.
Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырды. Апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды. Тек материалдық шығынды өтеу бөлігіне аздаған өзгеріс енгізді.