Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жылу қашан өшірілетіні белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Алматыда 3 сәуірден бастап жылу кезең-кезеңімен өшіріле бастайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматыда 2025-2026 жылдарға арналған жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданды.

“Ауа райының жылынуына және сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасының бес тәулік қатарынан +8 градустан жоғары тұрақты сақталуына байланысты, жылу беру 3 сәуірден бастап кезең-кезеңімен тоқтатылады”, – делінген қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының хабарламасында. 

Жылу жүйесін өшіру жұмыстары белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады: алдымен әкімшілік ғимараттар, кейін тұрғын үйлер, ал ең соңында әлеуметтік нысандардың жылуы өшіріледі. 

Басқарма өкілдері жылыту маусымы қалыпты режимде өткенін мәлімдеді. Қала тұрғындарына жылу мен электр қуаты тұрақты жеткізіліп, жылу көздері мен желілеріндегі температуралық талаптар толық сақталған. 

Еске салсақ, бұған дейін алматылықтар аптап ыстықта жылудың өшірілмей жатқанына шағымданған еді. Желі қолданушылары түнде де терезе ашуға мәжбүр екенін, ал бөлме температурасы +25, +28 градусқа дейін көтерілетінін жазып жатыр. 

Осы шағымдарға байланысты Алматы әкімдігі редакциямызға берген жауабында ауа температура +8 болған жағдайда ғана жылу өшіріледі деп пікір білдірген еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 03 Сәуір, 2026 19:12