Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жер телімін сатып алғандар сан соғып қалды: Енді бұл жерде саябақ салынады

Фото: Видеодан скрин

Алматының Наурызбай ауданында жер телімдерін сатып алған елуге жуық тұрғын үй құрылысын бастай алмай отыр. Қала әкімдігі жаңа бас жоспарға сәйкес аумақ рекреациялық аймаққа жатқызылып, мұнда саябақ салынатынын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаланың Наурызбай ауданындағы Қарғалы ықшам ауданынан шамамен елуге жуық тұрғын бірнеше жыл бұрын жеке тұрғын үй салу мақсатында жер телімдерін сатып алған. Көпшілігі бұл үшін несие рәсімдеп, құрылыс материалдары мен коммуникацияларға қомақты қаражат жұмсаған.

Солардың бірі бес баланың әкесі Рустам Баратов. Ер адамның айтуынша, ол болашақ үйінің құрылысына 30 миллион теңге жұмсаған. 

"Бізге өз жер телімдерімізге кіруге тыйым салды. Қазір учаскелерімізге өте алмаймыз. Көршілеріміздің бірі құрылыс бастағысы келіп, вагон апарған еді, оны өртеп жіберді. Барлығымыз осы жерлерді қарызға ақша алып сатып алдық. Біреу несие рәсімдеді, біреу мүлкін сатып, үлкен үй салуды жоспарлады. Соның бәрінің соңында ештеңесіз қалдық", – деді Рустам Баратов.

Тұрғындардың бірі Айнаш Сайдақберованың айтуынша, жер телімдері 2018 жылдан бастап сатылған. 

"Міне, осы жерде шлагбаум тұр. Біздің жер телімдерімізге кіретін барлық үш жақтағы жолдың бәріне шлагбаум қойып тастаған. Бас жоспар бойынша жер телімдерінің нысаналы мақсаты өзгергені туралы бізге ешкім хабарлаған жоқ. Біз бұл жердің заңды меншік иесіміз ғой", – деді Айнаш Сайдақберова.

Ал Әлия Сексенбаева көпшілігі жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын, шығынға батып отырғанын айтты.

"Үй салу енді арманға айналды. Сотқа да жүгіндік, архитектуралық-жоспарлау тапсырмасына (АПЖ) өтініш бердік. Бірақ бізге бас тартып отыр. Әкімдікте мұның бәрі заң аясында жасалып жатқанын айтты. Жаңа бас жоспар бойынша осы жерде жақын арада саябақ салынады. Сондықтан аумақта қандай да бір құрылыс жүргізуге болмайды екен", – деді тұрғын Әлия Сексенбаева

Жалпы көлемі шамамен 2 гектар болатын аумақта 40-қа жуық жер телімі орналасқан. Алайда құрылыс жұмыстары басталмай жатып тоқтап қалған. Кейін белгілі болғандай, үш жыл бұрын қала әкімдігі бас жоспарға өзгеріс енгізген. Бірақ бұл туралы жер иелеріне алдын ала хабар берілмеген.

Жаңа бас жоспарға сәйкес, аталған аумақ рекреациялық аймақ (R1) ретінде белгіленген. Яғни бұл жерде саябақ салу көзделген, сондықтан жеке тұрғын үй құрылысына рұқсат берілмейді. Жер иелері өз құқықтарының бұзылғанын алға тартады. Олар жаңа өзгерістер туралы ресми түрде хабарланбағанын, ал қазір өз жерін пайдалана алмай отырғанын айтады. Оның үстіне, көпшілігі әлі күнге дейін несие төлеп, жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр.

Ал Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері бұл шешімнің заң аясында қабылданғанын мәлімдеді. Сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, аталған аумақта жеке тұрғын үй құрылысына архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын (АПЖ) беру мүмкін емес. Қазіргі таңда ең өзекті мәселе – өтемақы төлеу. Алайда жер иелеріне өтемақы қарастырыла ма, жоқ па әзірге белгісіз. Осыған байланысты тұрғындар бас прокуратурасына ұжымдық арыз жолдауға дайындалып жатыр.



Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Алатау қаласының аумағында жер телімі шетел азаматтарына сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Желіде тараған видеодан азаматтың қытай тілінде сөйлеп, инвесторларға Алатау қаласындағы жер телімін 350 мың долларға (174 769 000 теңге) ұсынып отырғанын көруге болады.

Айым Атамбаева
Жұма, 27 Наурыз, 2026 11:24