Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Желтоқсан көшесінде BRT желісі іске қосылады: Қандай маршруттар болады

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыда Желтоқсан көшесінде 14 желтоқсаннан бастап BRT жылдам автобус желісі іске қосылады. Жаңа бағыт 4,6 шақырымды қамтып, арнайы жолақтар мен заманауи аялдамалар арқылы жылдам әрі ыңғайлы қатынасты қамтамасыз етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Желтоқсан көшесінде BRT (Bus Rapid Transit) желісінің іске қосылуына байланысты қозғалысты ұйымдастырудың жаңа сызбасы енгізіледі.  Ұзындығы 4,6 шақырым болатын жаңа желі Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT учаскесі мен Райымбек батыр даңғылы бойында салынып жатқан аумақты жалғап, оңтүстіктен солтүстікке қарай үздіксіз жылдам автобус қатынасын қамтамасыз етеді.

Жүргізушілерге жол ережелерін қатаң сақтап, жолдағы таңбалар мен белгілерге мұқият назар аудару қажет. Аталған аумақта құқықбұзушылықты бақылауға алатын фото және бейне тіркеу жүйелері де жұмыс істейді.

Жоба аясында арнайы жолақтар жол бойының шетінде орналастырылған. Мұндай шешім тұрақта тұрған көліктер мен кептелістен болатын қолайсыздықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Солтүстік бағытқа қозғалғанда бөлінген жолақ көшенің оң жағында, ал кері бағытта сол жағында сызылған. Жеке автокөліктер үшін Абай даңғылынан солтүстікке қарай бұрынғыдай біржақты қозғалыс тәртібі және жолақ саны сақталады.

Жаңа бағыттар бойынша автобустар 14 желтоқсаннан бастап екі бағытта да қатынай бастайды. Алғашқы кезеңде №92 және №59 маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр. Маршруттардың нақты сызбасы мен қозғалыс кестесі кейінірек жарияланады

Айта кетейік, жоба аясында барлық жолаушыға қолайлы болуы үшін арнайы көтеріңкі платформасы бар заманауи аялдама кешендері орнатылды. Сонымен қатар екі қабат асфальт төселіп, бағдаршамдар, жол белгілері, жарықтандыру жүйесі жаңартылып, тротуар плиткалары арқылы жүргіншілер аймағы көріктендірілді.


Алматыда трамвай қайта іске қосылады: Қай бағытта жүреді


Алматыдағы "автобустар зираты" ісі бойынша күдіктіге іздеу жарияланды


Еске салайық, бұған дейін Алматыда BRT желісі Тимирязевтен Райымбек батыр даңғылына дейін ұзартылатынын жазған едік. Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, көлік кептелісі мен автотұраққа байланысты туындаған жайтты шешу үшін BRT жолағы жолдың шетімен салынады. 

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 01 Желтоқсан, 2025 12:34