Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жасөспірімді электромобильді қуаттайтын станцияда тоқ соғып, жансақтау бөліміне түсті

Фото: Видеодан скрин

Алматыда 13 жастағы жасөспірімді тоқ соғып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Мәліметке сәйкес, бала электромобильдерді қуаттауға арналған бекеттің маңындағы қоршаудан асып өтпек болған. Сол кезде оның қолы кернеуі бар сымға тиіп кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Зардап шегушінің әкесі Данияр Балмағамбетов ұлының мұндай жағдайға қалай тап болғанын айтып берді. 

“Балам үйге тоқ ұрды деп жылап келді.  Басында  мән бермедік. Жарты сағаттан соң аяқ-қолым ауырып жатыр деген соң жедел жәрдем шақырдық. Баланы кардиограммаға түсіріп, дереу жансақтау бөліміне алып кету керек деді. Ұлым тоқ ұрған кезде жабысып қалған. Балам, қалай екені белгісіз, жіберіп үлгердім деді”, – дейді баланың әкесі. 

Оқиғадан кейін аудан тұрғындары балалардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Олардың айтуынша, аталған бекет бұрыннан қолайсыздық туғызып келген. Жергілікті халық мұнда жиі көлік кептелісі болып, жүргізушілердің көптігі тыныштықты бұзатынын айтады.


Өскеменде жігітті үйге кіреберіс есіктен тоқ соғып, жансақтау бөліміне түсті


"Суретке түспек болған": Шымкентте пойыздың үстіне шыққан 11 жастағы баланы тоқ соқты


“Бұл үйде 500-ден астам адам тұрады. Үйге кіріп, шығатын бір ғана жол бар.  Енді оған тәулік бойы келетін таксилер қосылды. Жүргізушілер көліктерін қуаттау үшін 30-40 минуттан тұрады. Ал  аулада балалар алаңы бар. Сондықтан бұл біз үшін өте қауіпті. Мемлекеттік органдар да, жер иелері де, осы жердегі кәсіпкерлер де біздің ескертуімізді елемейді”, – дейді тұрғын.

Тұрғындар бекеттің осы жерде жұмыс істеуіне әуел бастан қарсы болып, жауапты мекемеге шағым түсірген екен. Сосын тексеріс жүріп, құқық бұзушылықтар анықталған. Десе де бекеттің иесі құжатым бар, бәрі заң асында деп отыр. 

“Біз ешкімге кедергі жасап жатқан жоқпыз. Көліктер де қатты шу шығармайды. Түнде қолайсыздық болмас үшін арнайы күзет те қойдық. Жүргізілген тексерістің бәрінен өттік. Қорытындысы да бар. Қазір мәселені толық шешу үшін сымды жер астына көму нұсқасын қарастырып жатырмыз. Бұл қымбатқа түссе де қауіпсіздік үшін жасауға дайынбыз”, – Ecovolt ЖШС директоры Евгений Якубин.

Десе де тұрғындар электромобильдерді қуаттауға арналған бекетті бұл жерден алып тастауды сұрап, дегенінен қайтпай отыр. Ал энергетикалық қадағалау басқармасы 10 сәуірге дейін тағы тексеріс жүргіземіз дейді. Сосын барып тиісті шаралар қабылданады дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Көкшетауда сауда орталығында бүлдіршінді жаңажылдық безендіруден тоқ соққаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 16:32