Алматыда жас музыканттардан құралған DA Musiq Orchestra-ның концерті өтті
Алматыда жас музыканттардан құралған DA Musiq Orchestra-ның Ханс Циммер шығармашылығына арналған концерті өтті. Онда өнерпаздар әлемге танымал фильмдердің саундтректерін орындап, таланттарын көрсетті.
Фото: Павел Шамин
Концерт Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория жанындағы Күләш Байсейітова атындағы мамандандырылған музыкалық мектепте ұйымдастырылды. DA Musiq Orchestra-ның негізін қалаған әрі көркемдік жетекшісі Дамиани Мырзағалиевтің айтуынша, кеште Ханс Циммердің дүниежүзіне әйгілі 12 туындысы орындалды.
"Көрермен бұл фильмдердің көбін әлі күнге дейін қайталап көреді. Ал оның саундтректері есте сақталып қалған. Қазір көп оркестрлер осындай саундтректерді орындайды. Себебі бұл трендте әрі тыңдарманға ұнайды. Концерт кезінде тыңдармандар сол фильмдерді көрген сәтіне, балалық шағына оралғандай күйде болады. Сондықтан біз де осы тақырыпты, оның ішінде Ханс Циммер туындыларын таңдадық. Мәселен, бұл концертте тыңдарман “Интерстеллар” фильмінің саундтрегін тыңдады. Бүгін шырқалған музыканың бірқатарын өзім өңдедім”, – дейді Дамиани Мырзағалиев.
Фото: Павел Шамин
DA Musiq Orchestra – әртүрлі жастағы музыканттарды біріктірген ерекше симфониялық және хор оркестрі. Олардың ұжымында 5-сынып оқушыларынан бастап, консерваторияда оқитын 1-курс студенттеріне дейін бар. Бүгінгі іс-шара – олардың осы мектепте өткізген екінші концерті.
“Үлкен ұжымның басын қосу көп еңбекті қажет етеді. Сондықтан біз барынша дайындалдық. Десе де кешіміз жоғары деңгейде өтті деп үміттенеміз. Концертке келгендердің бәріне алғысымызды білдіреміз”, – дейді концертмейстер Ақбота.
DA Musiq Orchestra-ның концертіне көп адам жиылды. Зал лық толы болды. Концертке қонақ болып келгендердің қатарында TAN Consulting агенттігінің жетекшісі Аида Досаева, “Алатау Ақпарат” медиа холдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлы, Halyk Bank-тың PR-қызметінің басшысы Гульмира Арбабаева, Stan.kz ақпарат агенттігінің даму жөніндегі директоры Шыңғыс Мәдібек, Interact Club Rotary International волонтерлік ұйымның жоба менеджері Дулат Данияр бар. “Алатау Ақпарат” медиа холдингінің бас директоры Ержан Қалымбайұлының айтуынша, ол бүгін сахнаға шыққан музыканттардың өнеріне тәнті болып, рухани ләззат алған.
Фото: Павел Шамин
“Қазақ мәдениетінің әлемдік мәдениетте өз орны, беделі мен деңгейі бар. Оған Димаш Құдайберген сияқты жарқыраған жұлдыздарымыз дәлел. Дегенмен бүгінгі кештің өз ерекшелігі бар. Біз жастардың арасында осындай үлкен мәдениет өкілдері өсіп келе жатқанын көріп, қуанып отырмыз. Концертте қуандық, тебірендік, толқыдық, көзімізге жас келді. Оған қоса жас өнер иелерінің осындай жаңа бағытты жоғары деңгейде орындауы мен үшін жаңалық болды”, – дейді Ержан Қалымбайұлы.
Күләш Байсейітова атындағы мамандандырылған музыкалық мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Аян Сауықбаеваның сөзінше, DA Musiq Orchestra-ның сияқты талантты жастарды қолдап отырған дұрыс.
“Біздің мектеп дарынды әрі дара оқушыларды қолдап, осындай алаң ұсынуға дайын. Мектеп әкімшілігі оқушымыз Дамианидің “оркестр құрамын, концерт бергім келеді” деген ниетін естіп, үлесін қосты. Себебі жастарды қолдау – ол біздің болашағымызды қолдау. Дәл осы жастар Қазақстанды әлемдік аренаға шығарып, танытуы мүмкін. Қазірдің өзінде олар мектеп қабырғасында жүгіріп, ойнап жүрген кішкентай оқушы болса да, сахнаға шыққанда үлкен әртіске айналып отыр. Сондықтан тарыдай мотивациясын өсірсек, ертең үлкен белестерді еңсеріп, жарқын болашағымыз болары анық”, – дейді Айна Сауықбаева.
Фото: Павел Шамин
Бұл кеш жас таланттардың үлкен сахнаға лайық екенін дәлелдеді. DA Musiq Orchestra-ның болашақта жаңа концерттер ұйымдастырып, көрерменді әдемі әуендерімен қуантуды жалғастырады.