Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда орыс сыныптарының ашылуына қарсы шыққан белсенді 15 тәулікке қамалды

15 тәулікке қамалған белсендіФото: darkhan_ardaquly

Алматының Бостандық ауданында орналасқан №215 жаңа мектепте ата-аналар арасында дау шықты. Оған мекемеде орыс тілді сыныптарды ашу себеп болған. Кейбір ата-аналар мектептің бастапқыда қазақ тілді болғанын айтып, жағдайдың өзгеруіне наразылық білдірді. Сондай-ақ осы жағдайға шағымданған белсенді 15 тәулікке қамауға алынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ата-аналардың бірінің айтуынша, Бостандық ауданында орыс тілінде білім беретін мектептер саны қазақ тілінде оқытатын мектеп санынан көп. 

"Бостандық ауданында қазақ мектептері тағы да қысқартылды. Қыркүйек айында "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында жаңа 215-мемлекеттік мектеп ашылмақ. Бірақ бізді есеңгіреткен жаңалық – бұл мектептің толыққанды қазақ мектебі емес, аралас (қазақ және орыс сыныптары бар) білім ордасы ретінде ашылуы. Ауданда небәрі 9 қазақша мектеп бар. Оларда орын тапшы, кезек тым ұзын. Балаларымыздың мемлекеттік тілде білім алу құқығы, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген", – деп жазды ата-аналардың бірі.

Сондай-ақ тағы бір ата-ана жаңа білім ордасын толықтай қазақ мектебі ретінде ашуды талап етті.

“Аудандағы қазақша мектептерде орын тапшылығы сезіледі. Ал орыс сыныптары бар мектептер әлдеқайда көп. Оның үстіне ең жақыны №38 гимназия. Ол жаңа ашылғалы жатқан №215 мектептің дәл жанында орналасқан. Біз №215 мектеп қазақ мектебі болады деп қуанып едік. Енді қатты көңіліміз қалып отыр", – дейді ата-ана. 

Шағым білдірген ата-аналар Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының атына хат жолдады. Онда мектепті толықтай қазақ тілінде қалдыруды сұрап, себептерін түсіндірген. Әрі аралас мектептердің жұмысына байланысты бірқатар мәселелерді атап өткен. Олар:

– Мемлекеттік тілдің абыройы төмендеуі, қазақ тілі негізгі емес, қосымша тіл ретінде қабылдануы;

– Балаларды тілдік принцип бойынша бөлу бірыңғай мектеп мәдениетінің қалыптасуына кедергі жасап, оқушылар арасындағы қарым-қатынасты азайтады;

– Тәрбие іс-шараларын екі тілде ұйымдастыру балалардың мазмұны мен сапасына әсер етеді;

– Екі тілді бірдей меңгерген мұғалімдердің тапшылығы.

"Мысалы, қазір балаларымыз №146 лицей-мектебінде оқиды. Оқушылар тым көп. Бір сыныпта орта есеппен 28-ден 36-ға дейін бала бар. Егер кабинетте 20–22 оқушы отырса, бұл қалыпты жағдай. Мұғалім 45 минутта материалды түсіндіріп те, үй тапсырмасын сұрап та үлгереді. Ал 34–36 бала отырса, бұл оқыту процесіне кедергі келтіреді", – делінген хатта.

Педагог әрі белсенді Дархан Ардақұлының айтуынша, №215 мектеп тек қазақ тілінде жұмыс істеуге тиіс. Бұл – уақыт талабы. 

аралас мектеп болып ашылмақФото: threads/@rakhimberlinturar

"Жаңадан ашылған мектептер тек қазақ тілінде ашылуы керек. Болашақ қазақ тілінде. Жаңадан мектеп ашылса, он шақты орыс тілді ата-аналар жиналып алып, орыс сыныбын ашып беруді талап етеді. Біз де дәл осы мектептің қазақ тілді болуын талап етеміз. Туу көрсеткіштері бойынша қазақ тілді оқушылардың саны басым. Кім баласын орысша оқытқысы келеді. Осыған дейін істеп тұрған аралас және орыс мектептеріне берсін. Ал жаңадан ашылып жатқан қазақ мектебіне тиіспесін", – дейді ол.

Дегенмен белсенді осы жазбасынан кейін 15 тәулікке қамауға алынды. 

"Мені Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бап, 7-тармағы (Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) бойынша 15 күнге соттап жіберді. “Мектепке барамыз” деген сөзімді митингке шақырдың деп айыптады. №215 мектеп қазақтілді болуын талап етемін. Ешнәрсеге өкінбеймін. 7 қыркүйекке дейін абақтыдамын. Өкінішке қарай, ешқандай әрекет жасай алмаймын. Ары қарай халқыма тапсырдым. 1 қыркүйекке дейін қазақ мектебі ашылуын талап етіңіздер, әйтпесе кеш болады", – деп жазды ол.

Десе де ата-аналар қазақтілді сыныптың ашылуын әлі де талап етіп жатыр. 

Қала әкімдігі не дейді?

Әкімдік мәліметінше, жаңа №215 мектептің қай тілде оқытатыны туралы нақты шешім жоқ. Себебі ол ата-аналардың сұранысына байланысты айқындалады.

"Сынып тек 25 оқушы жиналған жағдайда ашылады. Егер белгілі бір тілде оқуға өтініш бергендер саны 25-тен аз болса, ол сынып ашылмайды. Мұндайда ата-аналарға балаларын қалауынша жақын мектептерге беру ұсынылады", – делінген ресми жауапта.

Әкімдік Алматыда қазақ сыныптарына сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын мойындайды. 1990 жылы қазақ тілінде бар болғаны 11 мың бала оқыса, қазір олардың саны 177 мыңға жеткен.

Ал Бостандық ауданында барлығы 34 мектеп бар. Оның тоғызы қазақ тілінде, оны орыс тілінде, он бесі аралас.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 27 Тамыз, 2025 15:30
Талқылау