Алматыда заңсыз салынған таунхаус сүрілді
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы "Шұғыла" шағын ауданындағы Жүнісов көшесі, 135/20 учаскесінде орналасқан нысанның бұзылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігі
Тұрғындардың өтінішімен меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында таунхаусты салуға рұқсат қағаз жоқ болып шықты және нысанның шаруашылық тәсілмен тұрғызылғаны анықталды.
“Тексеру нәтижелері бойынша ұйғарым беру арқылы әкімшілік шаралар қабылданды. Оны меншік иесі орындамаған. Басқарма Наурызбай аудандық сотына нысанды бұзуға талап арыз берді. 2024 жылғы 2 ақпанда басқарманың талап-арыздары қанағаттандырылды”, – делінген хабарламада.
Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен таунхаусты сүру басталып кетті.
Еске салайық, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың заңсыз құрылысқа бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында өткен жылдың басынан бері 41 заңсыз нысан, оның ішінде "Мечта", "KHAN", "Алма Гарден" тұрғын үй кешендері және басқалары толығымен немесе ішінара бұзылды.