Алматыда тұрғын үй кешенінің күзетшісі жүргізушіге ескерту жасаймын деп ауруханаға түсті
Алматыда тұрғын үй кешенінің күзетшісінің ескертуіне ашуланған көлік жүргізушісі оны ұрып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Болған жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Куәгерлердің айтуынша күзетшіні жедел жәрдем жақын маңдағы ауруханаға алып кеткен. Жазбада оқиғаның 5 сәуірде күндіз, көпқабатты үй тұрғындарының көзінше болған.
Алматы полиция департаментінің дерегіне сәйкес Бостандық аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалған.
"Күдікті полицияға жеткізілді. Мән-жайды анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің күзетшісі Нұрбол Қайыпбаевты көлікпен жаншып өлтірген ер адамға қатысты сот басталған еді.
Қайғылы оқиға 2024 жылы 29 наурыз күні болды. Алматыдағы "Меркур Тауэрс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Асқар Тастандиев өзінің жол талғамайтын көлігімен қақпаны қиратып, күзетшіні бірнеше рет басып өтіп, кейін көліктен шығып, ер адамды тепкілеп тастаған. Оқиға бақылау камераларына түсіп қалған. Оқиғадан кейін күдікті 14-қабатқа көтеріліп, терезе алдына отырып, өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан, бірақ полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап үлгерді.