Алматыда тергеу изоляторында отырған күйеуіне барған әйелге абақты қызметкері тиіскен
Алматыда тергеу изоляторында отырған күйеуіне барған әйелге абақты қызметкері тиіскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Бұл туралы әйелдің өзі әлеуметтік желіде баяндады. Әйелдің айтуынша, изолятор қызметкері оның жеке нөмірін сұрап, ыңғайсыз сұрақтар қойған көрінеді.
“Ол менің күйеуімді кездесуге алып келетін қызметкер. Яғни ол менің күйеуім екенін біледі. Басында сыпайы болды. Телефон нөмірім не үшін керектігін сұрағанымда нақты жауап бере алмады. Осы жағдай бірнеше рет қайталанған соң, дауыс көтеруге тура келді. Бірақ оған бұл әсер етпеді, келесі жолы тағы да күліп, нөмірімді қайта сұрады”, – дейді Элмира есімді әйел.
Элмираның айтуынша, ол дәл осындай жағдайға тап болған тағы бір әйелмен танысқан.
“Дәл сол қызметкер тағы бір әйелге көмектесетінін айтып ұсыныс білдірген. Кезекке жазуға, тағы сол сияқты жағдайларда көмектесінін айтқан. Бірақ кейін әңгімені басқа жаққа бұрып, кездесуге шақырған. Әйел тұрмыста екенін айтса да, өзінің де үйленгенін айтып, таныстықты жалғастыра бермек болған”, – дейді әйел.
Элмира жағдайға қатысты шағымданған. Алматы маңындағы №72 мекемеде осы шағым бойынша тексеріс жүргізілсе де, тексерісте қызметкердің келушілерге тиіскені дәлелденбеген.
Жәбірленуші әйел өзіне тиіскен қызметкердің әлі де тергеу изоляторында жұмыс істеп жүргенін айтады. Әйелдің айтуынша, абақтыда отырған тұтқындардың әйелдердің барлығы изоляторға кіру үшін барлық жеке деректері жазылған анкета толтыруға міндетті екен, ал ол жердегі деректер мекеме қызметкерлеріне қолжетімді.