Алматыда такси жүргізушісі жолаушы қызды көліктен шығармай, телефон нөмірін беруін талап еткен
Фото: depositphotos.com
Алматыда такси жүргізушісі жолаушы қызды көліктен шығармай, телефон нөмірін талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде үйіне қайту үшін таксиге отырған қыздың жүргізуші тарапынан психологиялық қысымға ұшырағаны туралы жазба пайда болды.
Жәбірленуші қыздың құрбысының айтуынша, қыз көлікке отырғаннан бастап жүргізуші өзін оғаш ұстай бастаған, орынсыз сұрақтар қойып, әдепсіз әрекеттер жасаған. Кейін көліктің есіктерін іштен құлыптап, қыздың шығуына кедергі келтірген. Жүргізуші қызға телефон нөмірін берсе ғана көліктен шығаратынын айтқан. Жәбірленуші қорыққаннан телефон нөмірін айтуға мәжбүр болған. Тек содан кейін ғана жүргізуші оны босатқан.
"Қазір ол қайта-қайта хабарласып жатыр, ал қыз оған жауап беруге қорқады, тіпті үйіне келіп, артынан аңдуы мүмкін деп алаңдайды. Біз бұл адамның жауапкершілікке тартылуын, айыппұл салынып, лицензиясынан айырылса немесе тіпті қылмыстық жаза қолданылғанын қалаймыз", – делінген Kris_p_almaty Telegram арнасында жарияланған хабарламада.
Желі қолданушылары такси қызметтерінен мұндай жағдайларда қатаң шаралар қабылдауды, сондай-ақ жүргізушілерді тексеру жүйесін жетілдіруді және шағымдарға жедел әрекет етуді талап етуде.
Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті мәлімдеме жасады.
"Аталған факті бойынша Наурызбай аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайлары мен тараптардың жеке басы анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданады", – делінген жауапта.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада жолаушы қыздарға тиіскен такси жүргізушісі 15 тәулікке қамалған еді.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
