Алматыда такси жүргізушісі зейнеткерге 1,5 миллион теңгесін қайтарып берді
Алматылық 23 жастағы Бекарыс Әлімнұр қарт әйелге көлікте ұмытып кеткен 1,5 миллион теңге мен алтын бұйымдарын қайтарып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

19 қыркүйек күні Алматылық Бекарыс Әлімнұр екі зейнеткер әйелді үйлеріне жеткізіп салған. Кейінірек жас жігіт жолаушылардың қомақты ақша мен бағалы зергерлік бұйымдары бар чемоданын көлікте ұмытып кеткенін білген. Ақшаны қайтарғандағы зейнеткерлердің қуанғаны түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.
"Ішінде 1,5 млн теңге мен алтын бұйымдар болды. 11 күн бойы мен заттардың иелерін іздеумен болдым. Көрсетілген мекенжай бойынша көршілерінен сұрастырып жүріп, бүгін таңертең тауып, қайтарып бердім. Егер кез келген азамат осылай жасайтын болса біздің елдің болашағы жарқын болады деп есептеймін. Ата-анам да маған ақшаны қайтарып беру қажеттігін айтты. Кейбір достарым мен таныстарым өз пайдаңа жарат деп те ой салды. Бірақ мен олай жасай алмадым", – дейді Бекарыс Әлімнұр Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында.
Қайырымды жігіттің айтуынша, әйелдер ақшаны табуға деген үміттерін үзген.
"Ішінде қанша ақша болғанын әженің өзі де білмейді. Қуаныштан ол мені қатты қысып құшақтады. Тіпті көзіне жас та алды. Мен бөтеннің затына тиіспейтінімді айтым, енді жоғалтып алмауларын өтіндім. Олар маған рақмет ретінде ақша ұсынды, алайда мен алмадым", – деп бөлісті ол.
Бекарыс Әлімнұр техникалық-экономикалық колледжде оқып, жиһаз шығаратын компанияда менеджер болып еңбек етеді. Бос уақытында таксист болып жұмыс жасайды.