Алматылықтар су тарифінің күрт көтерілуіне наразылық білдірді
Қыркүйектен бастап су мен кәріз суының құны өскені алматылықтарды қуанта қоймаған. Бұған дейін салқын суға 55 теңгеден төлеп келген тұрғындар тарифтің бірден 73 теңгеге өскеніне қарсы шықты. "Алматы су" мекемесінің мамандары бағадағы өзгерісті суды үнемдеп тұтынған тұрғындар байқамауы да мүмкін деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pexels.com
Ал керісінше суды көп мөлшерде пайдаланған адамның коммуналдық төлемі де бірден екі-үш есе артады.
- 1 м³ – 55 теңге
- 3 м³ – 73,92 теңге
- 3 м³ – 5 м³ = 88 теңге
- 5 м³ – 10 м³ = 110 теңге
"Өткенде ғана жарықтың құнын көтерді. Енді судың бағасы дейді. Егер айлық көтерілсе, жарайды. Онда көтерілуі мүмкін еді. Халықта қазір айлық төмен", – деді алматылық тұрғын.
Тұрғындардың бірі судың бағасын көтергенше, айлықты көтерсін деп талап етті. Олардың айтуынша, суға азаматтар 30 мың теңге төлейді.
Айта кетейік, қыркүйектен бастап жеке тұлғалар үшін тариф төрт топқа бөлініп есептеледі. Мәселен, айына үш текше метрге дейін тұтынсаңыз, бір адамға бір текше метр үшін 73 теңге жазылады. Ал үштен бес текше метрге 88 теңге болса, бестен он текше метрге дейін тұтыну құны 110 теңге шығады.
"Алматы су" МКК өтім департаментінің директоры Серік Шагиров суды үнемдейтін тұрғындырға бұл әсер етпейтінін айтты.
"Қазір есептеуші құрылғылары бар тұрғындардан жеке меншік үй болсын, пәтер болсын кемінде 3 адам бар. Кейбіреуінде 3-4 адам болса, оның пайдалантын көлемі 1 айға 8-10 текше метрден асады. Сондықтан суды үнемдеп, ашып қоймау керек. Сантехникаларын бәрін дұрыстап, бабында сақтайтын тұрғындар еш әсерін тигізбейді. Судың көлемі әр адамға 3 текше метрден 9 текшеметр ең төменгі тарифпен төлейді. Келесі 2 текше метрден 6 текше метр екінші тариф, келесі әр адамға 1 адамға 5 текше метр 3 топтамамен 3 адамға санағанда 15 текше метр. Бұл сомадан тыс пайдаланған судың көлемі ең қымбат тарифпен төленеді”, – деді Серік Шагиров.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғындары коммуналдық қызметтер үшін ай сайын төленетін соманың көп шыққанына наразылық білдірді. Олардың бірі видео жариялап, электр энергиясы үшін төленетін қаражат осы айда шарықтап кеткенін айтты. Қала тұрғыны Зарина Исаханованың айтуынша, ол өткен айға қарағанда 3 есе көп төлеген.