"Балалар алаңын салсын, болмаса тиіспесін": Алматыда шағынаудан тұрғындары үйінің жанында рұқсатсыз құрылыс жүріп жатқанына қарсы шықты

Коллаж: Stan.kz
Алматы қаласы Алатау ауданы Нұркент шағынауданының тұрғындары үйінің жанынан белгісіз құрылыс жүріп жатқанына наразылық білдіріп, редакциямызға жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындардың сөзінше, өзі онсыз да тар ауласы одан ары тарылмақ. Үйлерінің жанынан салынғалы жатқан белгісіз коммерциялық ғимарат олардың тыныс-тіршілігіне елеулі кедергі келтіреді. Ал бұл құрылыс жұмыстарын жүргізбес бұрын ешкім тұрғындармен ақылдаспаған.
Аулаларын кенет пайда болған құрылысшылар бағана тұрғызып, қоршап жатқанын көрген тұрғындар, жаппай наразылық танытты.

Коллаж: Stan.kz
“Қарсымын, бос жатқан жерді қоймайтын болды. Не сұмдық! Бұл тек біздің үйдің жанындағы жерді емес, қаланың барлық жерінде сәл бос жерді көрсе болды, сол жерге өздерінің жоспарларын тықпыштап, бірдеңе салады. Тығыздап сала берсе, ауа жетіспейді, демалауымызға кедергі. Егер тамақ жасайтын асхана, дүкен салса, онсыз да үйдің алдында жүгіріп жүрген зиян жәндіктер, кеміргіштер көбейеді. Сосын жұқпалы ауру тарайды”, – дейді 65 жастағы зейнеткер, №37 үйдің тұрғыны Маханова Шырынай.
Тұрғындар құрылыс жұмыстарын тоқтату үшін құқыққорғау қызметкерлері мен жергілікті әкімдік өкілдерін де шақырған. Алайда мардымды жауап ала алмаған олар ендігі қала әкімдігіне шағымданбақ. Тіпті мәселе шешілмесе, сотқа жүгінуге дайын екендерін жеткізді.

Скриншот: Stan.kz
Қазір тұрғындар арасында бірігіп, қарсылық үндеуін жариялап, барлық тұрғындардың атынан әкімдікке жолдамақ.
Тұрғындардың нақты талаптары төмендегідей:
• осы жер телімінде кез келген құрылыс жұмыстарын және дайындық әрекеттерін дереу тоқтату;
• жер телімінің бөлінуінің заңдылығын және барлық рұқсат беру құжаттарына тексеру жүргізу;
• құрылыс салушының әрекеттеріне, оның ішінде құжаттарды мүмкін болатын қолдан жасау фактілері бойынша, құқықтық баға беру;
• тұрғындардың қатысуымен заңды қоғамдық тыңдаулардың өткізілімін қамтамасыз ету;
• бұрын уәде етілген балалар ойын алаңын салу мәселесін қарастыру.
“Қысқасы: алдымен заң, сосын ғана бетон. Болашаққа асықпай, бірақ әділ шешім керек”, – дейді Нұркент шағынауданындағы №37 үй тұрғындары.
Аталмыш мәселеге қатысты тілшіміз Алатау ауданы әкімдігіне сұрау жолдады. Әзірге әкімдіктегілерден жауап жоқ.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері