Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандық екпеге көбірек сенемін": Алматыда QazVac вакцинасы салына бастады

Алматыдағы сауда орталықтарында ашылған екпе пунктеріне QazVac вакцинасы жеткізілді. Бүгіннен бастап отандық вакцина қала тұрғындарына салына бастады. Stan.kz тілшісі қазақстандық вакцинаны салдырғандармен тілдесіп қайтты. 

Отандық вакцинаны салдырғандардың басым көпшілігі жастар. Солардың бірі Мұхаметәлі Ермеков. Ол вакцина салдырғаннан кейін ешқандай өзгеріс болмағанын айтты. Мұхаметәлі шетелдік өнімге қарағанда отандық өнімге сенім артады.

"Отандық екпе болғандықтан QazVac вакцинасына сенімді болдым. Алдағы уақытта нәтижесін көре жатармыз. Қазір жағдайым жақсы, барлығы ойдағыдай, өзімді жақсы сезініп тұрмын. Негізі ораза біткенін күтіп жүрген болатынмын. Бірақ мүмкіндік туып тұрғаннан кейін, салдыруды жөн көрдім. Вакцинаны витамин сияқты қабылдау керек. Денсаулық үшін ешқандай қауіп жоқ", - дейді Мұхаметәлі Ермеков. 

Екпе салдырған Нұрсұлтан Бекқайыров отандық өнімді қолдаушылардың бірі. Ол вакцина ғана бізді бұл індеттен қорғайды деген тұжырыммен толықтай келісетінін айтты. 

"Отандық өнімді қолдау маңызды. Мен Ресейде білім алғанмын. Ол жақтағы жағдайды білемін. Сондықтан қазақстандық ғалымдардың жасаған вакцинасына сенімдімін. Қазір жағдайым жақсы. Әлем ғалымдарының пайымдауынша, тұрғындардың жетпіс пайызы вакцина алмайынша, пандемияны жеңу мүмкін емес. Сол үшін біз жаппай вакцина салғызуымыз керек. Сол кезде ғана бұрынғы өмірімізге орала аламыз. Қандай цда бір вируспен күресудің ең тиімді жолы вакцина. Былтыр вирустың жеңіл формасымен ауырдым. Қазір қазақстандық вакцинаны салдыру мүмкіндігіне ие болып отырмын", - дейді Нұрсұлтан Бекқайыров.

Ал Мөлдір Байғазы вакцинаның барлығына сенім арту керек екенін айтты. Қала тұрғыны отандық вакцина салдыратынын екпе пунктіне келгенде бірақ біліпті. Қазір ең бастысы қандай вакцина салдырғаның емес, вирусты жеңу дейді ол. 

"Жанымдағы адамдар ауырмауы үшін вакцина салғызып жатырмын. Шынымды айтсам, қазақстандық вакцина салдыратынымды вакцинациялауға келген кезде ғана білдім. Отандық вакцинаға қарсылық танытпадым. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Мен былтыр наурызда ең бірінші болып вирус жұқтырғандардың қатарында болдым", - дейді Мөлдір Байғазы.

QazVac вакцинасын салдырғандардың арасында денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы ресми өкілі Бағдат Қожахметов та бар. Оның сөзінше, отандық вакцина басқа екпелермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Оған қоса, Қожахметов қазақстандық вакцина толыққанды зерттеуден өткізілгенін айтты.

"Мен былтыр үш айдай денсаулық сақтау министрлігіне ресми өкіл ретінде көмектескен болатынмын. Былтыр дүниежүзіндегі барлық зертханалар наурыз айында өз зерттеулерін бастады. Сегіз тоғыз айдың ішінде әртүрлі вакцина шығарды. Ал қазақстандық вакцина бір жыл, бір айдың ішінде дайын болды. Яғни, қазіргі уақытта қазақстандық QazVаc вакцинасы ең көп тексерілген, зерттелген. Сондықтан мен оның сапасына күмән келтірмеймін. Бұл инактивтік вакцина вакциналардың бірі. Инактивтік деген - коронавирусты қолдан өлтіріп, соның қалдықтарын денеге салады. Ол табиғи антидененің түзілуіне әсер етеді. Мен қазақстандық медицинаға, ақ халатты періштелерімізге сенемін. Және біздің ғалымдарымыз дүниежүзілік зерттеудерді пайдаланып, осындай жоғарғы нәтижеге қол жеткізгеніне күмән келтірмеймін", - дейді Бағдат Қожахметов. 

Отандық вакцинаның басқа вакциналардан ерекшелігі туралы 5-қалалық емхананың балалар бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Байзақова Гүлзат Аманбайқызы айтып берді. 

"Бүгіннен бастап бізде QazVac қазақстандық вакцинасы салынып жатыр. Бүгін жүз доза вакцина әкелінді. Алмалы ауданы бойынша он екі вакцина орталығы ашылды. Спутник V мен QazVac вакцинасының айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Тек қана тоңазытқышта сақталуында өзгешелік бар.  Спутник V -18 градустан жоғары температурада сақталса, QazVac +2 -8 градус аралығында сақталады. Спутник V вакцинасында бір ампулада бес доза болатын. Ол ашылғаннан кейін екі сағаттан кейін жарамсыз болып қалатын. Ал QazVac-та бір адамға бір ампула. Кез келген адам келіп, вакцина салдыра алады. Штаммдардың барлығына төтеп бере алады. Осыған дейін салдырғандардың жағдайы жақсы. Бүгінге бізге 100 доза жеткізілді. Бітіп жатса, қажетті дозаны алдырамыз", - дейді маман. 

Дәрігер вакцинаның бірінші дозасынан кейін адам вирус таратушысы болуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді. Оған қоса, вакцинаға халықтың сұранысы туралы да ақпарат берді.

"Екі түрлі вакцинаны араластырып салуға болмайды. Егер бірінші Спутник V алынатын болса, 21 күннен кейін қайтадан сол вакцинаны салдыру керек. Отандық вакцинаға халықтың көзқарасы жақсы. Барлық ерекшеліктерді түсіндіріп берді. Екпе салдырғаннан  кейін, организмге антидене енгізілгеннен кейін, ешқандай 14 күндік карантинге отырудың қажеті жоқ. Адам вирус жұқтыра алмайды, тіпті жұмысқа да бара берсе болады. Осы уақытқа дейін ешқандай кері әсер болмады. Бізде қазір Спутник V вакцинасы жоқ", - дейді Гүлзат Байзақова. 


Талқылау