Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда өзге ұлт өкілдерінің қоғамдық бірлестіктері Наурыз мейрамына орай мерекелік шеруге шықты

Алматы қалалық Қоғамдық келісім мекемесіне қарасты түрлі ұлт өкілдерінің қоғамдық бірлестіктері Ұлыстың Ұлы күніне орай мерекелік шеруге шықты деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Алматы қаласындағы Республика сарайы жанындағы Абай даңғылы бойымен Абылай хан даңғылына дейін жүріп өткен шерушілер қала тұрғындарының назарын өздеріне аударды. "Қазақстан – ортақ үйіміз" деп санайтын өзге этнос өкілдері биылғы Наурызды ерекше қарсы алды.

Осынау мейрам күні Алматыны мекендеген әрбір ұлт өкілдері өздерінің ұлттық киімдерін киіп, өнерлерін ортаға салып, жиылған жұртшылықты таңдай қақтырды. Салтанатты күні  алматылықтар аңыз, ертегі, эпос кейіпкерлерін көріп тамашалады. Қазақтың домбырасымен өнерпаздардың шырқаған әндері Ару Алматының аспанында әуелеп жатты. Ұлттық мейрам алып мегаполисте тұратын барша ұлт пен ұлыстың ынтымағы мен бірлігін одан әрі нығайтуға жол ашты. 

Айтулы мереке күні Алматы қалалық Тәжік этно мәдени бірлестігінің төрағасы Юсуфжан Аминовпен кезігіп, аз-кем тілдескен болатынбыз. 

"Наурыз – діні мен дәстүріне қарамастан Қазақстанда тұратын барлық этностың өкілдері тойлайтын айрықша мейрам. Наурыз мерекесі бәрімізді басымызды біріктіруімен ерекшеленеді. Қазақстанның тәжіктері де барша қазақстандықтар секілді мереке қарсаңында үйіне, ауласына көшесіне толыққанды тазалау жұмыстарын жүргізеді. Ауласына ағаш отырғызып, көгалдандандыру жұмыстарын жүргізеді. Ұлыстың Ұлы күні бір-біріне деген реніштері болса кешіріп, үлкендер тарапынан ақ бата алады" дейді Юсуфжан Амонұлы.

Кейіпкеріміздің сөзінше, Тәжікстанда Наурызда бүкіл отбасы хафт-син деп аталатын мерекелік дастарханда бас қосатын көрінеді. Дәстүр бойынша дастарханда аты "син" әрпінен басталатын жеті тағам болуы керек екен.
"Наурыз мейрамын тойлауда қазақтар мен тәжіктер арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тәжіктерде де ет асылып, бауырсақ  пісіріледі. Бірақ наурыз көже жасалмайды.Басты тағам ретінде суманак ұсынылады. Суманакты бидай дәндерін қайнатып, оған ұн қосу арқылы жасайды" дейді Алматыдағы Тәжік этно мәдени бірлестігінің төрағасы.

Сондай-ақ, Қазақстанның тәжік мәдени орталықтары жыл сайын дәстүрлі түрде Наурыз мерекесінде Алматыда бас қосады. 500-ден астам адам жиналатын мерекелік шараға әрбір ұлттың өкілдері қонақ ретінде қатысады. Тәжікстаннан арнайы келетін өнерпаздар да мейрамның шырайын кіргізе түседі.

"Наурыз мерекесінде спорттық жарыстарымызды өткізуді де назардан тыс қалдырмаймыз. Мәселен, гуштингири атты тәжіктердің көне күрес түрін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келе жатырмыз. Қазақша күреске ұқсас келетін спорттың бұл түрінен бақ сынағанда күрескерлер тәжіктердің ұлттық шапанын киіп, жұмсақ белбеу тағынады" дейді Юсуфжан Аминов.

Қазақстанды мекендеген тәжік халқының атынан барша жұртты Наурыз мерекесімен құттықтаған кейіпкеріміз:
"130-дан астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан Қазақстан біздің – нағыз Отанымыз. Барша отандастарымызды Ұлыстың Ұлы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бейбітшілік пен татулықты ту етіп бақытты өмір сүріп жатқанымыз үшін қазақстандықтарға алғыс білдіремін. Әрбіріміздің деніміз сау, ғұмыр жасымыз ұзақ болсын!

Дастарханымыз берекелі, әрбір күніміз мерекелі болсын! "Бірлігі бекем елді жау алмайды" демекші бірлігі жарасқан біздің еліміздің шығар шыңы қашан да биік екеніне сенемін! Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын! Дамудың даңғыл жолына беттеген "Жаңа Қазақстанымыздың" іргетасын бәріміз бірге қалай берейік! деп өзінің ақ тілегін арнады.

 

Гүлмира САДЫҚ
 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 22 Наурыз, 2023 14:02