Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мыңдаған тұрғын құрылыс компанияларының арасындағы даудың кесірінен пәтерлерін ала алмай жүр

Фото: istockphoto.com

Алматыда мыңдаған тұрғын құрылыс компанияларының арасындағы дауға байланысты пәтерлерін өз меншігіне өткізе алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ЖСДП депутаттарына пәтерлерін кепілден шығарып, құжатын рәсімдей алмай жүрген бір топ Алматы тұрғыны шағымданған. Депутат Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, дау 2016 жылы басталған.

“2012 жылы Алматы қаласының орталығында “Алтын бұлақ-1”, “Алтын бұлақ-2”, “Жағалау” және  “Кәусар” деп аталатын тұрғын үй кешендері бой көтерген. Құрылысты жүргізген "KUAT корпорациясы" АҚ банкрот деп танылған соң 2016 жылы аталмыш үй "Global Building Contract" ЖШС-нің құзырына өткен. Осылайша мұндағы пәтерлер болашақта сатып алу құқығымен жалға алу бағдарламасы негізінде үлескерлерге берілген”, – дейді депутат. 

Алайда көп ұзамай бұл компания да банктер алдында қыруар қарызы бар деп танылып, тұрғын үй кешендері "ONDIRIS BUILDING" деген ЖШС-нің иелігіне өтіп кеткен көрінеді екен. Екі компания арасындағы алыс-беріс кезіндегі 70 миллиард теңгеге жуық қаражатқа байланысты арада дау туындайды. 

“Салдарынан бүгінгі таңда қарапайым тұрғындар жапа шегіп отыр. “Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі” демекші, компаниялар арасындағы бітпейтін алыс беріс пен кергілестің кесірінен бүгінгі күні ұзын саны 1200-ден астам тұрғын әуіре-сарсаңға түсіп, әбден шаршаған. Бір қызығы жоғарыда айтылған алыс-беріске қарамастан барлық жағдайлар барысында пәтерлерді "Сатып алу құқығымен жалға беру" жұмыстары жүргізіле берген”, – делінген депуатат сауалында. 

Осылайша, компаниялар алдындағы берешектерін толық төлеген тұрғындар да, төлемдерін жалғастырып жатқандарда баспаналарын меншігімізге өткізе алмай жүрген көрінеді. 

Депутат премьер-министрге сауал жолдап, бірнеше талап қойды:

- пәтер құнын 100% төлеген жалға алушылардың пәтерлерін кепілден босатуына мүмкіндік беру;

- “сатып алу құқығымен жалға беру” бағдарламасы бойынша төлем жасап отырған жалға алушылар үшін,  кейін меншік құқығын алуға кепілдік беретін мәміле тетіктерін енгізуді;

- кепіл сақталған күйде мүлікті ішінара иелену, иеліктен шығаруды қамтамасыз етілуін талап етеміз.

Еске салсақ, бұған дейін элиталы тұрғын үй кешендеріндегі қымбат пәтерлерде тоңып отырған қазақстандықтар құрылыс компанияларына шағымданған еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 21:31