Алматыда мектептен ақша жымқырған бухгалтер 7 жылға сотталды
Алматыда мектептен ақша жымқырған бухгалтер 7 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com
Алматы қаласы Медеу ауданының №2 аудандық соты сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша мектеп бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі қарады.
2019-2023 жылдар аралығында Алматы қаласындағы гимназиялардың бірінің бас есепшісі оқу орнының банктік шоттарына қол жеткізе отырып "Интернет-банкинг" электронды жүйесі арқылы өзінің жеке шотына, сондай-ақ, басқа тұлғаның шоттарына ақшалай қаражатты негізсіз аударып отырған.
Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы – 23 миллион теңге.
Сотта сотталушы Н өз кінәсін толық мойындап, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады. Прокурор сотталушыны 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Сот сотталушы Н-ны кінәлі деп танып, өз кінәсін мойындауының, куәгерлердің айғақтарының, маманның қорытындысының негізінде оны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Жаза тағайындау кезінде сот Н-ға жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде: жасаған қылмысына өкінуін, материалдық залалды жартылай түрде өтегендігін, жас баласының болуын ескерді. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады", – делінген қалалық соттың хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы қалалық емханасының бухгалтерлері 341 миллион теңге жымқырғанын жазғанбыз.
Өмірі ауруханаға бармаған 100 жастағы ата ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты