Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда мектеп оқушылары сабақтарын коттеджде оқуға мәжбүр

мектеп (2)Фото: Видеодан скрин

Алматыда бірден 170 оқушы сабақтарын жекеменшік үйдің бөлмелерінде оқуға мәжбүр болды. Мұғалімдер 1 қыркүйек қарсаңында мектептен шығуға тиіс еді. Соңғы 20 жыл бойы бұл оқу орны әкімдіктен ғимаратты жалға алып келген. Алайда шенеуніктер оны балабақшаға айналдыруды шешкен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алдағы көшу туралы алдын ала ескертілгенімен, ата-аналар мен ұстаздар соңына дейін мектепті сақтап қалуға тырысты. Бірақ олардың әрекеті нәтижесіз аяқталды. Жаңа оқу жылы "Арай" мектебі үшін жекеменшік коттеджде басталды. Үй бөлмелері 31 тамыз күні ғана тақта мен партамен жабдықталды. Салтанатты жиын тікелей аулада өтті. Бұрын мектепте 230 бала оқитын. Сабаққа келу үшін оларға көшені ғана кесіп өту жеткілікті еді. Енді жаңа ғимаратқа жету бір сағатқа жуық уақыт алады. 

Мұндай қашықтық көптеген ата-аналарға қолайсыздық туғызып, 60 оқушы мектептен кетуге мәжбүр болды.
 "Арай" мектебінің атқарушы директоры Ольга Габитова бұл ғимаратқа үйреніп қалғанын айтады.

"Шамамен 20 жылдай сонда отырдық. Әр бұрышына дейін таныс едік. Барлығын өзіміз жасап, реттеп алғанбыз. Сондықтан ол біз үшін өте қымбат еді. Бізді күштеп шығарды. Әкімдіктен арнайы топ келді", – деді Ольга Габитова.

Мектеп ұжымы өткен оқу жылында ескертілгенін айтса да, шешімді өзгерте алмады. Өткен аптада ғимаратты босату талап етіліп, ата-аналар мен мұғалімдер қарсыласқан. Дегенмен есік ашылды, ал шенеуніктер ішке кірмей, заттарды сыртқа шығарып жатқан мұғалімдер мен оқушыларды сырттай бақылап тұрды.

"Бұл мектепте нөлдік сыныптан бастап оқимын. Ғимараттың жағдайы жақсы еді. Көшетіндей еш себеп болған жоқ. Тек "көшу керек" деді. Бұл біз үшін өте ауыр. 10 жыл бойы бір мектепте оқып, кейін оны тастап кету жанға батады", – деді "Арай" мектебінің оқушысы Константин Морозов.

Мұғалімдерге жақын маңдағы мемлекеттік мектептерде жұмыс ұсынылғанымен, бос орын табылмады. Ирина Фоменконың айтуынша, 25 тамыздан кейін педагогтарды жұмысқа қабылдау тоқтатылады, сондықтан ұжымды орналастыру мүмкін емес. Ал шенеуніктер ғимараттың мемлекетке тиесілі екенін, "Арай" мектебі оны 20 жыл жалға алып келгенін және келісімшарттың заңды түрде бұзылғанын мәлімдеді.


Көкшетауда тарихи көркем өнер мектебі сүріліп, орнына тұрғын үй кешені салынбақ


Қазақстанда зейнетке шыққаны үшін жұмыстан босатылған мұғалім басшылығынан 2 миллион теңге өндіріп алды


Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасы басшысының орынбасары Жантөре Айтжанов мемлекеттік балабақшаларға сұраныс өте жоғары екенін айтады.

"Қазір 40 мыңнан астам бала кезекте тұр. Бұл ғимарат бойынша келісімшарт 2023 жылы бұзылған. Біз бірнеше рет ескерткенбіз. Бұл мәселе Сағынтаев әкім болған уақыттан бері көтеріліп келеді. Барлық құжатымыз бар", – деді Жантөре Айтжанов.

Ал бұрынғы ғимаратты қайтаруға енді ешкім үміттенбей отыр. Мектеп басшылығы биылғы оқу жылын амалсыз коттеджде өткізбек. Ал келешекте несие алып, жаңа ғимарат салуды жоспарлап отыр.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 03 Қыркүйек, 2025 11:04
Талқылау