Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Лиза Пылаева ісі бойынша апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырды

Алматыда 13 және 20 ақпанда Лиза Пылаеваның өліміне қатысты апелляциялық сот отырысы өтті. Прокурорлар соттың бірінші инстанцияда шығарған ақтау үкімімен келіспей, оны қайта қарауды сұрады. Апелляциялық сот үш айыпталушы – Ольга Шмакова, Леонарда Рыжакова және Уктам Махмудовқа қатысты шығарылған ақтау үкімін күшінде қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Соттың айтуынша, Лиза Пылаеваның өліміне қатысты тергеу төрт жыл бойы жүргізілгенімен, нақты себеп анықталмаған. Сараптамалар бір-біріне қайшы келіп, өлімнің себебі туралы әртүрлі қорытынды жасалған.

"Біз барлық тараптың дәлелін мұқият қарастырдық. Бала табиғи емес жағдайда қаза тапқаны – расталған факт. Алайда осы істі төрт жыл бойы тергеу барысында да, сот процесінде де өлімнің нақты себебін анықтау мүмкін болмады. Прокурордың баланың дене жарақаттары туралы уәждері сарапшының қорытындысы бойынша негізсіз деп танылды. Себебі бұл іс бойынша алты сараптама жүргізілгенімен, олардың қорытындылары бір-біріне қайшы келеді. Сараптамаларда тіпті өлім уақыты мен жарақаттардың пайда болу механизмі де әртүрлі көрсетілген", – делінген сот мәлімдемесінде. 

Апелляциялық сот отырысында бір сарапшының қорытындысы бойынша бала көліктің баяу жылдамдықпен соғылуы салдарынан қаза тапқаны айтылған. Ал Киевтегі тәуелсіз сараптама бюросының қорытындысы бойынша, бала көлік салонында тежелу кезінде құлап, қайтыс болған.

"Кейбір жарақаттар иттің тістеуінен пайда болуы мүмкін деген болжам да бар. Ең бастысы – айыптау тарапы баланың өліміне сотталушылардың қатысы бар екенін бұлтартпас дәлелдермен дәлелдей алмады. Айыптаушы тараптың тергеу экспериментіне сүйенуі де сот отырысында жоққа шығарылды. Өйткені жүргізілген тәжірибеде дәл осындай жарақаттарды алу мүмкін емес екені анықталды. Айыптау тарапы бұл өлімнің кісі қолынан жасалған қылмыс екенін де, жазатайым оқиға болғанын да нақты дәлелдей алмады. Баланың өлімі, сөзсіз, үлкен қайғы. Бірақ заң бойынша кінә тек бұлтартпас айғақтармен дәлелденуге тиіс. Мұндай айғақтар сотқа ұсынылмаған", – деді алқа сот отырысында.

Апелляциялық алқа барлық айыптау болжамдарға негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, қаза болған баланың өліміне сотталушылардың тікелей кінәсі барын дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ. 

"Заңға сәйкес, барлық күмән сотталушылардың пайдасына қарастырылады. Ал жалған куәлік беру мәселесіне келсек, сотталушылардың шындыққа сай келмейтін жауаптар бергенін анықтау үшін істің нақты мән-жайларын толық дәлелдеу қажет. Алайда бұл тергеу барысында да, прокурор тарапынан да жасалмаған. Осындай жағдайларда сотталушылардың жалған куәлік бергенін дәлелдеу мүмкін емес. Сондықтан сот Шмакова, Рыжакова және Махмудовты ақтау туралы шешімді орынды әрі заңды деп тапты", – деп түсіндірді апелляциялық алқа.


Еске салайық, Лиза Пылаева 2019 жылы нағашыларының үйінде жүріп жұмбақ жағдайда қайтыс болған еді. Сот отырысында Лизаның әжесі Алла Пылаева өзіне және ұлына таныстары арқылы ақша ұсынғандар болғанын мәлімдеген.

Талқылау