Алматыда қолданыстан шығарылған автобустар қайтадан сатылымға қойылды
Фото: e-auction.e-qazyna.kz
Алматыда қолданыстан шығарылған қоғамдық көліктер қайтадан сатылымға қойылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Электрондық сауда сайтында жарияланған лот сипаттамасына сәйкес, пайдалануға жарамсыз деп танылған 573 автобус сатылымға шығарылған. Көліктер Алматы облысындағы Қайназар ауылында, "Дархан" ЖШС аумағында тұрған көрінеді. Аталған техникалардың иесі – "Алматыэлектротранс" ЖШС.
Лоттың жалпы құны 93 314 747 теңгені құрайды, яғни бір автобустың бағасы 162 мың теңгеден аспайды.
Лот 2025 жылдың 14 мамырында жарияланған. Өтінімдерді қабылдау 3 маусым күні сағат 08:00-ге дейін жалғасады, ал сауда дәл сол күні сағат 10:00-де басталады.
"Көлік құралдары жарамсыз күйде, сыртқы және ішкі зақымдары бар. Автобустарда әйнектер жоқ немесе сынған, аспаптар панелі орнатылмаған, кейбір бөлшектері жетіспейді. Автобус пен троллейбус салонында ішкі қаптама мен отырғыштар бүлінген немесе мүлде жоқ. Автобус пен троллейбустарды қалпына келтіру техникалық және экономикалық жағынан тиімсіз", – делінген бағалау есебінде.
Аукцион шарттарына сәйкес, сауда жеңімпазы мүлікті 60 күнтізбелік күн ішінде өзі алып кетуі тиіс.
Айта кетейік, бұл автобустар бұған дейін де 2025 жылдың 2 мамырында сатылымға шығарылған еді. Алайда қатысушылардың болмауына байланысты аукцион өтпей қалған.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысында ескі мектеп ғимараты аукционда бір бөлке нанның бағасына сатылғаны туралы жазған едік.

"Пәтерімді сатып, шетелге оқуға түстім": Қазақстандық қыз "Реал Мадрид" футбол клубына жұмысқа орналасты
