Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда келесі жылы 300 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жоспарланған

Алматыда 2024 жылы 25 км жаңа жол салынып, Құлжа трактісі 6 жолаққа дейін кеңейтілді. Сонымен қатар 255 көшеде 250 км жолға орташа жөндеу жүргізілді. Ендігі жылы 300 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жасалмақ. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты. 

Сондай–ақ, 2024 жылы Саин - Мөңке би жолайырығын салу және Абай даңғылын ұзарту жұмыстарынан кейін қозғалыс ашылған.

“Келесі жылы 35 км жаңа жол салынып, 300 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сейфуллин–Жансүгіров жолайырығын іске қосу, 2 радиалды (Саин, Рысқұлов) және 2 магистральдық көшені (Қажымұқан, Төле би) ұзарту көлік байланысын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстар сапалы жолдардың үлесін 2024 жылғы 92%-тен 2025 жылы 95%-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді”, – дейді Ерболат Досаев. 

Сондай-ақ, Алматы әкімі атмосфералық ауаның сапасын жақсарту – әкімдік жұмысының күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып қала беретінін айтты.

“Бүгінгі таңда ауаны ластаушы заттардың 60%-і автокөлікке тиесілі. Біздің жұмысымыз қала тұрғындарын қоғамдық көлікке көшуге ынталандыруға, оның тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы шаралардың нәтижесінде 2024 жылы қоғамдық көліктегі жолаушылар саны 33%-ке артып, күніне 1,6 млн жолаушыға дейін рекордтық көрсеткішке жетті”, – дейді ол. 

Досаевтың сөзінше, 2024 жылы экологияландыру мақсатында 770 газ және 115 электр автобусы сатып алынған. Осының арқасында автобустардың эксплутация мерзімі 6 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарған. Осыған қоса, 112 жаңа троллейбус сатып алынып, троллейбус паркі 100%-ке жаңартылды.

“Келесі жылы 800 газбен жүретін автобус және 260 электр автобусы сатып алынады, бұл орташа пайдалану мерзімін 2 жылға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Алматы агломерациясының орталығы ретінде тығыз көлік байланысын қамтамасыз етуге аса мүдделі. Биыл 20 жаңа қала маңындағы маршруттар ұйымдастырылды.

2025 жылы қоғамдық көлік үшін жаңа тарифтік мәзірді және "Bus/km" қағидатына көшумен субсидиялаудың жаңа қағидаларын енгізу жоспарлануда”, – дейді Ерболат Досаев. 
 

Талқылау