Алматыда карантин күшейтіледі
Карантиндік шектеулерді күшейту туралы Алматы Бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Садуақас Байғабылов мәлімдеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, жаңа жылдың басынан бері "омикрон" штаммының таралуы салдарынан, қала тұрғындары арасында күн сайын сырқаттанушылар саны артып келеді.
Бүгін, 12 қаңтарда қала қызыл аймаққа өткен. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Алматыда шектеу шараларын қатаңдату бес күн ішінде, мүмкін бұрын да қабылданатын болады.
“Әрине, бұл қаладағы соңғы оқиғалар аясында кәсіпкерлер мен қалалықтарға қосымша жүктеме", – деді Байғабылов.
Оның сөзінше, коронавирус ешқайда “кетпеді" және вакцинацияланбаған халыққа белсенді түрде әсер етеді.
"Жоспарланған карантиндік шектеулерді енгізу күні туралы толығырақ қосымша хабарланатын болады", – деді Алматы Бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы "қызыл" аймаққа: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау облысы кіргенін хабарлаған едік.