Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Қаңтар оқиғасына арналған ескерткіш таныстырылды: Жиналғандар Назарбаев даңғылының атауын өзгертуді ұсынды

6 шілдеде Алматыда бір топ саясаткер, қоғам белсендісі және қала тұрғындары Республика алаңына барып, Қаңтар қырғынын еске алып, құрбандарға құран бағыштады. Шара барысында қаладағы Назарбаев көшесін “Қаңтар” деп атау ұсынылып, қайғылы оқиғаға арналған ескерткіштің макеті де таныстырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап. 

ескерткіш

Қаңтар оқиғасына арналған ескерткіш жобасын таныстырған саясаткер Болат Әбіловтің сөзінше, ескерткіштің қақ ортасында ту ұстап тұрған – Берік Әбішев, ал жанындағы адамдар оқиға кезінде қаза болған балаларды бейнелейді. Оның ар жағында 6 қаңтарда кешке Республика алаңына шыққан "Қарапайым халықпыз, террорист емеспiз" деп ұзын баннерге жазып алған халық тұр. Тақтатасқа қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың тізімі жазылмақ.

"Террористердің аты-жөнін ғана алып тастау керек. Бірақ қаза болғандардың 90%-ы – қарапайым адамдар", – деді Әбілов.

Оның сөзіне қарағанда, ескерткішті қаржыландыруға дайын азаматтар да бар. Әрі ескерткіштің биіктігі 10 метр болатынын да қосып өтті.

“Мынау қанды алаңға айналды. Соны ұмытпауымыз керек. Билік бұған қарсы болатын шығар, кедергі келтіретін шығар. Бірақ біз оны қалай да орнатуымыз керек”, – деді Қаңтар оқиғасына арналған ескерткіш жобаны меңзеген қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлы.

Еске алу шарасында кезінде Болат Әбілов қазір экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталатын қаладағы орталық көшені Қаңтар деп атауды ұсынды. Бұл көше 2017 жылға дейін “Фурманов” деп аталып келген. 

Талқылау