Алматыда қаңғыбас жануарларға арналған жедел жәрдем қызметі пайда болды
Алматыда үйсіз жануарларға арналған жедел жәрдем қызметі пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Алматы әкімдігі
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қалада үйсіз жануарларды құтқару үшін екі мобильді бригада құрылған.
"Жануарларды тасымалдау үшін арнайы жабдықталған көліктер пайдаланылады. Олар торлармен, зембілдермен, таңу материалдарымен және диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл жарақат алған жануарды клиникаға қауіпсіз жеткізіп қана қоймай, оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді", – делінген әкімдік хабарламасында.
Мамандарды келесі жағдайларда шақыруға болады:
- жол-көлік оқиғалары немесе құлау нәтижесінде жануарлардың ауыр жарақаттары;
- улану;
- асқынулар мен инфекцияларға әкелетін тістеп алу жағдайлары;
- жағдайының күрт нашарлауы.
Жедел ветеринарлық көмекті шақыру үшін +7 708 595 64 04, 338 27 59 немесе Алматы қаласының бірыңғай қызметі – 109 нөміріне хабарласу қажет.