Алматыда қала әкімінің тапсырмасымен тағы бір медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы салынды
Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Қарасу шағын ауданындағы медициналық-санитарлық көмек орталығының (МСАК) жаңа ғимаратына барды.
Бұған дейін Қарасу шағын ауданындағы 18 мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек 160 шаршы метрлік №21 емхана филиалында көрсетіліп келген. Ал шамамен 24 мың адам тұратын Өжет шағын ауданының тұрғындарына №25 қалалық емхана қызмет көрсетеді. Медициналық мекемелердің жүктемесін азайту және Қарасу мен Өжет тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында қадамдық қолжетімді жерде заманауи дәрігерлік амбулатория салу қажеттілігі туындады.
Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, әкімнің тапсырмасымен жаңа орталықтың құрылысы 2023 жылдың ақпан айында басталды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған. Биылғы жылдың қараша айының соңына дейін ғимаратты пайдалануға беру және оны қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының балансына өткізу жоспарланған. Тиісті рұқсат құжаттарын, соның ішінде қызмет көрсету лицензиясын алғаннан кейін МСАК орталығы алғашқы пациенттерді қабылдай бастайды. Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Назгүл Иманғалиеваның айтуынша, орталықты ашу осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Бес қабатты жаңа медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету орталығы №25 қалалық емхананың филиалы болып табылады және Қарасу мен Өжет шағын аудандарының шамамен 20 мың тұрғынына қызмет көрсетеді. Жобалық қуаты – бір ауысымда 200 адам қабылдау. Жаңа ғимаратта төрт бөлімше бар: учаскелік қызмет, мамандандырылған медициналық көмек бөлімі, гинекология, клиникалық-диагностикалық бөлімше. Орталық УДЗ, рентген, аудиограмма, спирография, кольпоскопия, ЭКГ сияқты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жаңа медициналық мекеменің ашылуы №25 және №21 емханалардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, әрі тұрғындар қажетті көмекті заманауи және ыңғайлы медициналық мекемеде жылдам ала алады.
2024 жылдың басынан бастап Алматыда үш отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Олар ауысымына 100 адам қабылдайтын Нұршашқан шағын ауданында, бір ауысымда 200 адам қабылдайтын Мамыр шағын ауданында және ауысымына 200 адам қабылдайтын Кемел шағын ауданында орналасқан.