Алматыда ICON CLUB кәмелетке толмағандармен өткен дискотека үшін жабылады
Фото: Видеодан скрин
Алматыда ICON CLUB түнгі клубында Хэллоуин мерекесін мас күйінде атап өткен жасөспірімдер анықталды. Оқиғадан кейін полиция олардың ата-аналарына айыппұл салып, клубтың қызметін тоқтату туралы ұсыныс берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыда полиция Хэллоуин мерекесін мас күйінде атап өткен алты жасөспірімге қатысты шара қолданды. Олардың ICON CLUB клубындағы видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Оқиға орнына бірден кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар барған.
"Алты жасөспірім анықталды. Медициналық тексеру нәтижесінде олардың екеуі алкогольдік мас күйде болғаны анықталды", - деп хабарлады полиция.
Жасөспірімдердің ата-аналары балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Ал балалар ювеналдық полицияның профилактикалық есебіне қойылды. Клуб иесіне кәмелетке толмағандарды ересектердің ілесуінсіз кіргізгені үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар полиция мекеме қызметін уақытша тоқтатып, жабу туралы ұсынысты сотқа жолдады.
"Полиция кәмелетке толмағандарға қатысты заң бұзушылықтардың бәрі қатаң әрі принципті түрде тоқтатылатынын ескертеді. Заң тәртібін сақтау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Мұндай оқиғалар жазасыз қалмайды", – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде тараған видеода жасөспірімдердің жанында "ақ ұнтақ" бар деген ақпарат шыққан болатын. Алайда бұл дерек расталған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда түнгі клубтарды лицензиялау талаптарын қатаңдату ұсынылғанын жазған едік. Сенатордың айтуынша, Президенттің заңдылықты, тәртіпті сақтауға, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға шақырғанына қарамастан, бұл саладағы жағдай алаңдатарлық күйінде қалып отыр. Мысалы, ойын-сауық саласында негізгі проблемаларға лицензиялауды бақылаудың жеткіліксіздігі, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті жүйелі түрде бұзу, сондай-ақ клуб иелеріне қарсы қолданыстағы санкциялардың тиімсіздігі жатады.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді