Алматының кей бөлігіне ескі автокөліктермен кіруге шектеу енгізу ұсынылды
Алматыда Қоғамдық кеңестің отырысында ауа сапасын жақсарту үшін ескі көліктермен жүруді шектеу ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
2024 жылғы зерттеу деректерінде Алматыдағы ауаның негізгі ластаушысы автокөлік екені көрсетілген. Олар 60%-ын алады. Жылына 189 мың тонна ластаушы заттардың 112 мың тоннасы автомобильдерге, 52 мың тоннасы өнеркәсіптік кәсіпорындарға, ал қалғаны жеке үйлер мен шағын бизнеске тиесілі.
Almaty air initiative қорының жоба менеджері Равкат Мұхтаров Алматыда ластаушы заттардың деңгейі рұқсат етілген нормалардан орта есеппен 4,8 есе асатынын хабарлады.
Көлікті дамыту жөніндегі сарапшы Елена Ерзакович автобус жолақтарының санын ұлғайтып, шығарындысы төмен аймақтарды белгілеу қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ ластану деңгейінің төмендеуіне әкелетін тұрақ кеңістігін дамытудың маңызын атап өтті.
Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Апсенбетов қала билігі жолдағы ескі автомобильдердің санын қысқарту бойынша кешенді шараларды шұғыл іске асыруды бастауы қажет екенін алға тартты.
Отырыс қорытындысы бойынша қалада ауа сапасын жақсарту үшін мынадай шаралар ұсынылды:
- Еуро 0-4 экологиялық класты автомобильдерді пайдалануды шектеу арқылы шығарындылары төмен аймақтарды құру;
- көлік класына байланысты экологиялық таза аймақтарға кіру ақысын енгізу;
- қатты отынмен жұмыс істейтін қоғамдық тамақтандыру орындарында су сүзгілерін орнатуға қойылатын талаптарды қатаңдату;
- жеке секторды газдандыруды аяқтау және 86 қоғамдық және 12 316 жеке моншаны газға ауыстыру;
- автокөлікті техникалық байқау пункттеріне бақылауды күшейту. Қазір Алматыда 138 техникалық байқау пункті жұмыс істейді. Оның 80-ге жуығы сарапшылардың деректері бойынша заң талаптарына сәйкес келмейді.
- Сондай-ақ III және IV санаттағы өнеркәсіптік нысандарға қосымша экологиялық талаптарды енгізу ұсынылды.
Еске салсақ бұған дейін Экология министрі Қазақстандағы тұмша мәселесін шешу үшін бес жыл күте тұруды сұраған еді.