Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ерлі-зайыптының пәтеріне басып кіріп, оларға оқ атқан ер адам ұсталды

Алматыдағы элиталы тұрғын үй кешенінде отбасыға қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды. Ол жиһаз орнатумен айналысқан азамат болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Алматы полиция департаменті

Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер 20 желтоқсанда Наурызбай ауданында болған ауыр қылмысты ашты. Қарақшылық шабуыл салдарынан ерлі-зайыпты ауыр жарақат алды. Қазір олар ауруханада ем қабылдап жатыр. Қылмысты ашу мақсатында жедел-тергеу тобы құрылды.

Шабуыл жасаған адамның жеке басы анықталды. Ол Жетісу облысының 38 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті 5 қаңтарда ұсталып, қамауға алынды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ол бұған дейін жаңа жиһаз орнатып жүрген кезде жұмыс берушілерінің сейфін байқап қалғанын айтты. Сол сәттен бастап оларды тонауды жоспарлаған. Медициналық маска мен шарф киіп, бет-жүзін жасырған күдікті жұма күні таңертең жәбірленушілердің есігін қаққан.

"Күдікті пистолетпен қорқытып, ақшаны беруді талап еткен. Алайда үй иесі көмекке шақыра бастаған сәтте ол ерлі-зайыптыға оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен", – деді Алматы криминалдық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Талант Исаев.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстың басқа да мән-жайлары анықталады.


"Жауынгерлік қаруы бар адам қалада еркін жүр": Алматыда тонау үшін пәтер иелеріне оқ атқан ер адам әлі табылмады


Еске салайық, бұған дейін оқиға 20 желтоқсанда таңертең Nef Uptown тұрғын үй кешенінде болды. Белгісіз адам элиталық үйдегі пәтерлердің бірін тонауға тырысқан. Маска таққан адам өзін электрик ретінде таныстырып, есікті ашуды өтінген. Ал ашқан кезде отбасылы жұпқа жарақат салатын қарумен оқ атқан. Қарақшы полиция келгенге дейін жасырынып үлгерген еді.

Талқылау