Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда діни сауат пен рухани құндылықтарды насихаттаған блогерлер мен белсенділер марапатталды

Дін басқармасы

Алматыда діни тақырыптағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген журналистер, блогерлер мен медиа белсенділер марапатталды. Жеңімпаздар 600 мың теңгеге дейін сыйақы иеленді.

Қалалық Дін істер басқармасы жыл сайын қоғамда діни сауатты арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау, конфессияаралық келісімді нығайту және деструктив идеологиялардың алдын алу бағытында материалдар, контент жариялап жүргендер арасында байқау өткізеді. Биылғы байқау 17 ақпан мен 7 қазан аралығында өтті. Оған 250-ге жуық қатысушы жұмысын жіберген. 

Қатысушылар әлеуметтік желілерге жазба жариялап, бейнеролик түсіріп, аналитикалық мақалалар ұсынған. Олардың еңбектері қоғамдағы діни сауат пен рухани тұтастықты нығайтуға бағытталған. Қазылар алқасы үздік жұмыстарды іріктеп, 7 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтап, оларды марапаттап, ақшалай сыйақы табыстады. Жүлде қоры жалпы 3,5 миллион теңге болды.

Байқау қорытындысы бойынша, жеңімпаздар:

"Үздік пікір" номинациясының жеңімпазы – Бекнұр Кисиков (150 000 тг);
"Әлеуметтік желідегі үздік тақырыптық жазба" номинациясының жеңімпазы – Әл-Фараби Болатжан (300 000 тг);
"Қазақ тіліндегі үздік интернет-мақала"  номинациясының жеңімпазы – Сұлтан Абдрахманов (350 000 тг);
"Орыс тіліндегі үздік интернет-мақала"  номинациясының жеңімпазы – Дастан Ертіс (400 000 тг);
"Үздік мотивациялық үндеу"  номинациясының жеңімпазы – Ақмаржан Мырзағалиқызы (350 000 тг);
"Instagram-дағы үздік бейнеролик"  номинациясының жеңімпазы – Біржан Мыраз (600 000 тг);
"TikTok-тағы үздік бейнеролик"  номинациясының жеңімпазы – Ерсұлтан Нұрболатұлы (600 000 тг).

Жеңімпаз Әл-Фараби Болатжан мұндай байқаулардың қоғамға ықпалы зор екенін айтады.

“Мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау – бейбіт өмірдің кепілі. Facebook желісіндегі парақшама осы зайырлылықтың құндылығы туралы жазып, байқауға қатысып, жеңімпаз атанып отырмын. Меніңше, мұндай байқаулар дін саласындағы өкілетті органдар мен қоғам арасында диалог орнатуға мүмкіндік береді”, – дейді ол.

Сонымен қатар ұйымдастырушылар тағы 10 қатысушыға ынталандыру сыйлығы ретінде 70 000 теңгеден табыс етті.

Алматы дін істер басқармасы басшысының орынбасары Әлімбек Айдарбекұлының айтуынша, байқау – діни сауатты арттырумен қатар, қоғамдағы медиамәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды іс-шара. 

“Діни экстремизм мен терроризммен күрес тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Медиа арқылы дұрыс ақпарат таратып, жастардың діни танымына оң ықпал ету – бәріміздің міндетіміз. Сол себепті біз 2020 жылдан бері бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Мақсатымыз – дін мен қоғам тақырыбын жауапкершілікпен қозғайтын шығармашыл азаматтарды қолдау”, – дейді ол.

Наргиза Аршидин
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 18:03
Талқылау