Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Алматыда BRT желісі Тимирязевтен Райымбек батыр даңғылына дейін ұзартылады

Фото: Алматы әкімдігі

Алматыдағы Желтоқсан көшесінде ұзындығы 4,6 шақырым болатын BRT (Bus Rapid Transit) желісінің құрылысы басталады. Жаңа жоғары жылдамдықтағы автобус жолағы Тимирязев көшесі бойындағы жұмыс істеп тұрған BRT желісін Райымбек батыр даңғылында салынып жатқан жаңа желімен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, көлік кептелісі мен автотұраққа байланысты туындаған жайтты шешу үшін BRT жолағы жолдың шетімен салынады. Яғни, солтүстік бағытта – жолдың оң жағымен, ал оңтүстік бағытта – сол жағымен өтеді.

“Жеке автокөлік қозғалысы үшін Абай даңғылынан солтүстікке қарай біржақты қозғалыс пен жолақтар саны сақталады.

Құрылыста ешқандай ғимаратты бұзу және жолды кеңейту қарастырылмаған. Автобус аялдамалары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділікті ескере отырып, арнайы платформада орналастырылады”, – делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік таратқан мәлімет бойынша, жоба аясында бағдаршам нысандарын жаңарту, көше жарығын жетілдіру, тротуарларды плиткамен қаптау арқылы жаяу жүргіншілер бөлігін жаңарту көзделген.

“Жұмыс 26 сәуірде басталады. Алғашқы кезеңде инженерлік коммуникация, жиектастар мен арық жүйелері қайта орналастырылады. Бұл жұмыстар жолдың шетінде, көлік қозғалысын шектемей жүргізіледі.

Маусымда жаңа асфальт төселіп, жол таңбалары сызылады. Жол жамылғысы толықтай жаңартылып, қозғалыс 36 сағатқа дейін ішінара шектеледі. Айналма жолдар мен уақыты алдын ала хабарланады”, – дейді ведомство өкілдері. 

Жобаны аяқтау биылғы жылдың соңына жоспарланған.

Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту кезінде жөнделетін учаскелердің бойында айналма жолдар, арнайы қоршаулар, пандустар және жарық шағылыстыратын элементтер орнатылады.

“Жобаның мақсаты — Тимирязев көшесіндегі қолданыстағы BRT желісін Райымбек батыр даңғылындағы салынып жатқан желімен біріктіру. Соның нәтижесінде BRT желісі шығыс-батыс қана емес, оңтүстік-солтүстік бағытындағы көлік байланысын да арттырады”, – делінген хабарламада.

Нәтижесінде Желтоқсан көшесіндегі автобустардың орташа жылдамдығы 40%-ға, ал жолаушылар легі 30%-ға артпақ. 

Қолға алынған жұмыстар, көлік қозғалысындағы өзгерістер туралы ақпарат тұрақты түрде Telegram-дағы Almaty_Joly арнасында, қала әкімдігінің әлеуметтік желілері, сондай-ақ, 2GIS пен Яндекс карталары сервистері арқылы жарияланып отырады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 25 Сәуір, 2025 15:37
Талқылау