Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновты қамаудағы мерзімі ұзартылды

Алматыда бес адамды атып өлтірген Игорь Дужновты күзетпен ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бұған дейін прокуратура Игорь Дужновты күзетпен ұстау мерзімін 20 желтоқсанға дейін ұзарту туралы өтініш білдірген.

"12 қарашада прокуратураның өтініші тергеу сотының қаулысымен қанағаттандырылды. Игорь Дужновқа қатысты күзетпен ұстау мерзімін үш айға дейін, яғни 2021 жылғы 20 желтоқсанға дейін ұзартуға санкция берілді", - деп хабарлады Алматы қалалық соты.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Игорь Дужновтың беті көгерген деген ақпаратқа қатысты соталды тергеуді бастаған. 

Алматы прокуратурасының ақпаратынша, қылмыстық іс 1 қазанда мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысы негізінде қозғалған.

"Күдікті Игорь Дужновқа қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы Алматы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соталды тергеуді бастады. Қылмыстық кодекстің 362-бабы 2-бөлігі ("Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану арқылы зорлық-зомбылық жасау") бойынша іс жүргізіліп жатыр", - деді прокуратура.



Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшамауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен  қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

Үйде әйелдер мен балалар болғандықтан күдіктіні арнайы жасақ қару қолданбай қолға түсірді. 

"Кісі өлтіру" және "Билік өкіліне шабуыл жасау" баптары бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. 1967 жылы туған ер азамат 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар Анаид Демирчан бұған дейін күйеуінің көгерген денесіне қатысты шағым түсірмекші болғаны жазылған.

Талқылау