Айуандықпен өлтіріп, миллиондаған ақшасын ұрлаған: Алматы соты Әл-Бейне Зарипованың күйеуіне үкім шығарды (видео)
25 қыркүйекте Алматыда күйеуі он рет пышақтап өлтірген Әл-Бейне Зарипованың өлімі бойынша сот үкімі шықты. Әйелін айуандықпен өлтірген Сабыржан Зарипов 15 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Прокурор айыпталушыны 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұған дейін жәбірленушінің адвокаты 20 жыл талап етті.
Сот үкімімен Әл-Бейне Зарипованың бұрынғы күйеуі қасақана кісі өлтіргені және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтейді. Судья айыпкердің өзінің қылмысын мойындағаны үшін жазаны жеңілдеткен.
Зарипов қылмысты аффект күйінде жасадым деп мәлімдеді. Дегенмен Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қылмыстың "аффект" жағдайында жасалмағанын нақтылады. Айта кетейік, Әл-Бейне Зарипова 26 қыркүйекте 43 жасқа толатын еді.
- "Депиляция жасағаны үшін көзіне шөп салды деп айыптаған": Әл-Бейнеге пышақ сұғып өлтірді деп күдікке ілінген күйеуі қылмысты қалай жасағанын айтты (видео)
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ер адам әйелін 10 рет пышақтап, бес миллион теңгесін ұрлап, жертөлеге тастап кетті деп айыпталғанын жаздық. Жәбірленушінің жақындары күдіктінің жазадан оңай құтылып кетуінен қорқып, резонанс тудырғысы келеді. 42 жастағы Әл-Бейне Зарипова FlyDubai компаниясының Қазақстандағы серіктес компаниясының қаржы директоры болған. Күйеуімен отау құрғандарына 15 жылға жуықтап, 12 жасар қыз тәрбиелеп өсірді. Осы жылдың 31 қаңтарында таңғы сағат 08:00-де ол 10 рет пышақ жарақатын алып, азаптанып өлді. Кісі өлтіру оқиғасы ерлі-зайыптылардың Медеу ауданының элиталық бөлігіндегі жеке үйдің жер төлесінде болған.