Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жол апатының салдарынан 642 үй газсыз қалды (видео)

Алматыда LiXiang көлігін тізгіндеген жүргізуші газ құбырының тірегін сындырып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Желіде Достық қиылысында Оспанов көшесінде болған жол-көлік оқиғасының видеосы пайда болды. Кадрлардан көліктің газ құбырына соғылғанын көруге болады.

Полицияның мәліметінше, апат 20 тамызда сағат 9:50-де Медеу ауданында болған.



"LiХiang көлігінің жүргізушісі Оспанов көшесімен шығыс бағытта келе жатып, Subaru маркалы автокөлікпен соқтығысты. Одан әрі кедергіге – газ құбырының тірегіне соғылды. Медициналық көмекке Subaru жүргізушісі жүгінді. Апатты тергеуге Медеу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері кірісті", – делінген хабарламада.

Оқиға салдарынан жеке тұрғын үйлердің 642, ұжымдық ғимараттардың 2 кірісі (40 пәтер) және коммуналдық кәсіпорындардың 4 кірісі газсыз қалды.

Жөндеу, қалпына келтіру және іске қосу жұмыстары қазірдің өзінде жүріп жатқаны және 20 тамызда аяқталатыны айтылды. Барлық қажетті жұмыстар аяқталғаннан кейін үйлер мен кәсіпорындарға қайтадан газ беріледі. 

Айта кетейік, бұған дейін Астана көшелерінің бірінде 10 күн бұрын кәріз құбыры жарылған. Жол құрылысын жаз басында бастаған мердігерлер құбырға зақым келтірген екен.

Талқылау