Алматыда жұрт актер Мұрат Бисембинді ақтық сапарға шығарып салды
Фото: Stan.kz
Алматыда туыстары мен жақындары актер Мұрат Бисембинді ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаназа намазы қаладағы Орталық мешітте оқылды.
Мұрат Бисембинмен қоштасуға қазақстандық киноның белгілі тұлғалары – Асан Мәжит, Ерден Телемісов, Берік Айтжанов, Жан Байжанбаев, Еділ Анарбай, Санұржан Сүлейменов, Олжас Тоғымбет және өзге де танымал әртістер келді.
Рәсім кезінде актердің әкесі Болат Бисембин ұлының соңғы күндерін еске алып, көзіне жас алды.
“Ауырғанына бір жарым жыл болды. Башқұртстанға да барып емделді. “Жаман ауруға” қарсы тұрып, күресу керек деп жүретін. Бірақ соңғы кезде қатты қиналды. Жарты ай бұрын инсульт алып, орталықта 11 күн жатты. Кейін тамақ іше алмай қалды. 8 қаңтарда таңғы сағат 8-де хабарласқанымда “Мұрат кетіп қалды” деген қаралы хабарды естідім”, – деді ол.
Болат Бисембин баласынан айырылу ата-ана үшін орны толмас қасірет екенін айтты.
“Балаңның өлімін көру – ең ауыры. Ол мені жерлеуі керек еді, бәрі керісінше болды… Ішпейтін, шекпейтін, спортпен шұғылданатын. Оның қандай актер болғанын халық біледі”, – деді әкесі.

Марқұмның қызы Диана Болатова да әкесінің соңғы күндерін еске алып, жан сырын бөлісті.
“Кейінгі бірнеше ай ең ауыр кезең болды. Инсульттен кейін денсаулығы күн санап нашарлады. Онкологиялық емді жалғастыру мүмкін болмады, алдымен инсульттен кейінгі оңалту курсынан өтуі қажет еді. Инсульт екі мәрте қайталанды. Дәрігерлер үш ай бойы ешқандай ем қолдануға болмайтынын ескертті. Мұның бәрі әкеме өте ауыр соқты. 8-і күні түнде әкем үйде көз жұмды”, – деді Диана.
Диана әкесіне қатысты естеліктің бәрі өзіне қымбат екенін айтып, оның қамқор әке болғанын ерекше атап өтті.
“Естеліктердің ішінен “ең жақсысын” бөліп айту мүмкін емес. Оның болмысы түгелдей жақсы еді. Өте керемет әке болды. Отбасына бауырмал, бар уақытын бізге арнайтын. Естелік өте көп”, – деді ол.

Ауыр дертке шалдыққан “Рэкетир” фильмінің жұлдызы Мұрат Бисембин 54 жасқа қараған шағында өмірден өткені туралы хабарлаған едік.
Мұрат Бисембин 1972 жылы 11 қазанда Қызылордада дүниеге келген. Ол политехникалық институтты “ауыл шаруашылығының инженер-механигі” мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Алматыдағы Өнер академиясын бітірген.
Экрандағы дебюті қазақ-ресейлік “Каждый взойдет на Голгофу” сериалындағы эпизодтық рөлден басталды. Кейін “Рэкетир” фильмінде Руслан болып ойнап, Қазақстан көрермені арасында кеңінен танылып, үлкен танымалдыққа ие болды. Сондай-ақ ол “Томирис”, “Барлық әлем біздің аяқ астымызда”, “Книга легенд: Таинственный лес”, “Ағалар”, “Брат или брак”, “Сіз кімсіз, Ка мырза?” және басқа да көптеген фильм мен сериалдарда ойнаған.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді