Алматыда 9 мамырда "Батырларға тағзым" акциясы өтеді
Фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі
Алматыда 9 мамырда соғыс ардагерлерін еске алу үшін "Батырларга тағзым" акциясы өтеді. Оған қоса соғыс ардагерлері 5 000 000 теңге мемлекеттік жәрдемақы алады. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен конференцияда айтылды.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижановтың айтуынша, Алматыда 21 соғыс ардагері мен 6 мың тыл еңбеккері бар. Жеңіс күнінің 80 жылдығына орай, соғыс ардагерлеріне 5 000 000 теңге, ал тыл еңбеккерлеріне 100 000 теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар 7 мамырда әскери парад, ал 9 мамырда “Батырларға тағзым” деген акция өтеді. Оған қала тұрғындары мен қонақтары майданға қатысқан ата-бабаларын еске алу үшін олардың суретін ұстап, шеруге қатыса алады.
“7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, Алматыда жалпы 76 мәдени, әлеуметтік, әскери, патриоттық, ақпараттық іс-шара ұйымдастырылады. 9 мамыр күні ең басты шара 28 панфиловшылар атындағы парктегі Мәңгілік алауға гүл шоғын қоюдан басталады. Осы жерде қала тұрғындары, ардагерлер мен жастар ұйымының өкілдеріне арнап соғыс жылдарындағы әндер шырқап, ардагерлер соғыс кезіндегі көрген-білгендерін әңгімелеп, қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алады. Сонымен қатар қала тұрғындары “Батырларға тағзым” шеруіне қатыса алады. Мұндай акциялар батырларға тағзым ғана емес, Қазақстанның қазіргі патриоттық және ұлттық рухын көтеру үшін қажет. Бұл тарихқа құрметтің, бүгінгі бейбіт өмірді қорғауға әрекеттің айқын көрінісі”, – дейді Ахан Бижанов.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахан Бижанов. Фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі
Шеру қатысатындар 10:15-те көпшілік Орталық демалыс саябағынан бастап, 28 панфиловшылар атындағы саябаққа дейін жаяу жүріп, Мәңгілік алауға барып, салтанатты түрде гүл шоғын қояды.
"Бірлік – мемлекеттің тұтастығының кепілі. Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз. Қазақстанның болашағына да бәріміз бірдей жауаптымыз", – деді Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.
Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Әбдішүкіров. Фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі
Ал Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсековтың айтуынша, өкінішке қарай, жылдан-жылға соғысқа қатысқан ардагерлер азайып бара жатыр. Бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларымызды ұмытпас үшін осындай акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылғаны жөн.
“Соғыс әрбір қазақ отбасына сызат қалдырған. Себебі бірінің атасы, бірінің әкесі, енді бірінің анасы немесе басқа жақыны соғысқа қатысып, сол қиын заманда көмек көрсетіп, тіршілік етті. Ата-бабамыздың сол еңбегін қазіргі жастар ұмытпауы керек. Бұл акция жас-жеткіншектерге бүгінгі тәуелсіз, бейбіт әрі ашық өмірге қалай қол жеткізгенімізді түсінуге көмектеседі”, – дейді Бексұлтан Сәрсеков.
Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсеков. Фото: Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция отансүйгіштікке баулиды. Сондықтан олар тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және ақпаратты тек ресми көздерде тексеруге шақырды.
"Мерекелік іс-шараға ешнәрсенің кесірі тимеуі керек. Тек ресми ақпаратқа ғана сеніп, тәртіп сақтап, аталарымыздың ерлік істерін құрметтеуге шақырамын", – деп толықтырды Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Сәрсеков.
Сонымен қатар Президенттің қаулысы бойынша, соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және тағы басқа құрметті азаматтарға "Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы" деп аталатын мерейтойлық медаль тағылмақ. Алматыда 6200 адам осы медальмен марапатталады.

"Мәһрге наубайхана ашып беруді сұрадым": Египеттік жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызының тойы желіде қызу талқыға түсті
