Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 5 қаңтарда жұмысқа кеткен 6 баланың әкесі жоғалып кеткен

5 қаңтар күні Алматыдағы жұмысына кеткен алты баланың әкесі әлі табылмай жатыр. Зиеджан Кучкаровтың жары Светлана Сәрсенбаеваның күйеуін іздеу үшін қалаға шығуға мүмкіндігі жоқ. Себебі жетінші баласына аяғы ауыр. Светлананың сөзінше, қаланың барлық полиция бөліміне хабарласып, таба алмаған. Алты баланың әкесі соңғы рет телефонмен тілдесіп, Алтын Орда базары мен Қалқаманның қасынан өте алмай тұрғанын айтқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Зиеджан Кучкаров

"Хабарласып едік, ар жағында шу болып жатыр. Айқайлап жатыр адамдар. Әлі қалада бір нәрсе болып жатыр ма дедік. Сөйтіп тұрғанда ғаламтор өшті", – дейді Зиеджан Кучкаровтың жары Светлана Сәрсенбаева.

Светлана Сәрсенбаева қаладағы жағдайдан хабарсыз болғандықтан, оқиға жайлы ортақ чаттардан естіген.

"Абай даңғылымен жүруге болмайды, ол жақта атыс болып жатыр" деген ақпаратты айту үшін хабарласқан едім. Күйеуім “Жарайды, Алтын Орда базарының қасынан өте алмай тұрмын" деген, содан кейін мүлде сөйлесе алмадық", – деп қосты ол.

Зиеджан Кучкаровтың жары алты баласын жетектеп Алматыға бір рет қана барғанын, қазір ақшасы да таусылғанын айтады.



"Қазір бір жерге барайын десем ақша керек қой. Қалаға бару үшін автобус жоқ. Ары 500, бері тағы 500 теңге болады", – деді Светлана Сәрсенбаева.

20 күннен бері күйеуі туралы ешкімнен хабар ала алмаған Светлана Сәрсенбаеваның сөзінше, Зиеджан Кучкаров Алматыдағы құрылыс нысандарының бірінде тапсырыспен жұмыс істейді екен. Жұмыс орны ауысып отырғандықтан, нақты мекенжайын да білмейтінін айтады. Ал ұялы телефоны үш күн қосулы болып, кейін мүлде сөніп қалған.

"Он телефонға хабарластым. Мәйітханаларға қоңырау соғуға дәтім шыдамады. Тірі ол. Жүрегім дауаламайды", – дейді Светлана Сәрсенбаева.

Алматы полициясы Светлананың күйеуіне қатысты ақпаратты 26 қаңтарда беретінін мәлімдеді.

Талқылау