Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде орын алған бүлікке қатысы деп тұтқындалған азаматтардың жақындары көмек сұрайды

Қазір полиция еш түсініктемесіз азаматтарды алып кетіп жатыр деп шағымданған көп. Арасында 5 қаңтар күні ауруханаға емделуге барып, аяғына оқ тиіп, артынша қамауға алынған жігіт те бар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Марал Серікханованың күйеуі Нұржан Қуантайұлын 8 қаңтар күні Талдықорған қаласында балаларының көзінше тәртіп сақшылары үйінен алып кеткен. Екі күн өткен соң Нұржанның полиция бөлімшесінде отырғанын біліпті. 

Содан бері отбасымен әлі жүздеспеген. Марал Серікханова аяғы ауыр болғандықтан қалада дүрбелең басталғанда жолдасын жанынан шығармағанын айтады. 

"Ешқайда шықпады. Шыны керек, күйеуімді үйде ұстап отырдым. Оған қару алдың деген айып тағылып отыр. Егер үйде отырса, ол қай жерге барып алады?" – дейді Нұржан Қуантайұлының жары Марал Серікханова. 

19 жастағы Елнұр Тұрахметов 7 қаңтарда Талдықорғандағы апасының жұмыс орнында досы екеуі болған. Анасының айтуынша, қазір баласы ішкі істер бөлімшесінде отыр екен. Ұлымен сөйлесе алмай жүргенін айтқан ана кімнен көмек сұрайтынын білмейді. 

"Адвокат кеңсесіне барып едік, балаңыз ауыр қылмыс жасаған деді. Айтуларынша, Ішкі істер басқармасынан қару-жарақ ұрлаған. Мен оған сенбеймін, сене алмаймын", – деп мәлімдеді Алматы облысының тұрғыны Әсем Тұрахметова. 

Гүлшат Қамысбаеваның баласы 5 қаңтар күні Алматыда дәрігердің қабылдауына барып, содан жоғалып кетіпті. Түркменбай Сүндет екі күн өткен соң ағасына хабарласып, жамбасына оқ тигенін, қазір 12-ші ауруханада жатқанын жеткізген екен. Гүлшат Қамысбаеваның сөзінше, қолында ұлының бүлікке қатысы жоқ екенін дәлелдейтін барлық құжаттар бар екен.

"Балам соңғы рет 8 қаңтар күні кешкі 18:00-де хабарласты. Сол кеткеннен менің баламнан хабар жоқ. Митингке қатыспаған. Ешқандай күнәсіз баламды СИ-18 түрмесінде неге ұстап отыр? Мен түсінбеймін. Менің балам кінәсіз", –  деді Гүлшат Қамысбаева. 

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше, елде терроризм, кісі өлтіру, бұзақылық және басқа да қылмыстар бойынша 1 822 қылмыстық іс қозғалған. Оның 116-сы арнаулы прокурорларға жолданыпты. 

Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталғандар туралы ақпаратты 8 (727) 290 19 01 нөміріне хабарласу арқылы біле аласыздар.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе қаласында алаңдағы жұртқа басу айттық деген азаматтар қысым көріп жатқанын мәлімдеген еді. 

Талқылау