Интернет-алаяқтар пайдаланады: Алматыдағы жалдамалы пәтерге қылмыстық телефон станциясы орнатылған
Алматыда полицейлер интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен екі ер адамды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: polisia.kz
Полицияның мәліметінше, Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде sim-box құрылғысымен жұмыс істеп келген 25 жастағы екі жігіт ұсталған. Sim-box құрылғыларын интернет-алаяқтар ел аумағында түрлі мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға қоңырау шалу үшін пайдаланады.
"Адамдарды алдау үшін қылмыскерлердің белгілі бір елде болуы міндетті емес. Sim-box құрылғыларының болуы жеткілікті. Олар жергілікті ұялы байланыс операторларының интернет–трафигін қолдана отырып, жалған нөмірлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді”, – делінген полиция хабарламасында.
Жедел уәкілдер пәтерді тінту кезінде әрқайсысы 32 слоттық төрт sim-box құрылғысын және қазақстандық ұялы байланыс операторларының 190 sim-картасын, бірнеше телефон мен ноутбуктарды тәркіледі.
Тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда алаяқтар мобильді операторлар арқылы алдауға көшкені туралы жазған едік.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
