Депутат Алматыда әкімдіктің тыйымына қарамастан 40 қабатты ғимараттың құрылысы қайта басталғанын мәлімдеді
Фото: rams-global.com
Алматыда әкімдіктің тыйымға қарамастан 40 қабатты Rams Beyond Almaty кешенінің құрылысы қайта басталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат Бақытжан Базарбектің айтуынша, Rams компаниясы жұмысты тоқтату туралы нұсқамаға қарамастан, Алматыдағы Rams Beyond Almaty атты 40 қабатты кешеннің құрылысын қайта жалғастырған.
"Бүгін таңертең Rams жұмысын қайта бастады. Яғни, заңсыз", – деді депутат мәжіліс кулуарында.
Бақытжан Базарбектің айтуынша, тығыз құрылыс мәселесі қазір Алматыда ғана емес, сондай-ақ Астана, Шымкент және басқа да қалаларда да өзекті.
"Біз көз алдымызда Алматыны жоғалтып жатырмыз", – деді депутат.
Депутаттың айтуынша, жаңа Құрылыс кодексінде заңсыз құрылыстарға, сай-жыраларды көміп, сондай-ақ таулы жоталарды кесіп құрылыс салуға қатысты жауапкершілікті қатаңдату қарастырылады.
Еске салсақ, бұған дейін алматылықтар қала орталығында 40 қабатты ғимарат салуға қарсы петиция жариялағаны туралы жазған едік. Тұрғындардың наразылығынан кейін 40 қабатты RAMS Beyond Almaty ғимаратының құрылысы тоқтатылған еді.

“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін жұмыстан босатты”: Ақтөбелік келіншек әскери горнизондағы әділетсіздікке шағымданды
