"Анасы көз жасын тыя алмады": Алматы облысында мопед айдаған 21 жастағы жігіт жол апатынан қаза тапты (видео)
Алматы облысының Талғар ауданында мопед айдаған 21 жастағы жүргізуші көлікті басқара алмай, апатқа ұшырап, оқиға орнында қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Желіде тараған видеода жерде жатқан жігіт пен оның қасына келіп көз жасын тыя алмай отырған әйел бейнеленген. Видео авторы:
“Мопед, тағы да мопед. Құдайым-ай, жігіттер абай болыңыздаршы”, -деген.
Видео кадрларынан жерде жатқан жігіттің үстін ақ матамен жауып қойғаны көрінеді.
Осы оқиғаға байланысты Алматы облысының полиция департаментінен пікір сұрап көрдік.
“10 шілдеде сағат 5:30 шамасында 21 жастағы жүргізуші мототехниканы айдап келе жатып, Тұздыбастау ауылының бір көшесінде рөлді басқара алмай, аударылып бетон тірекке құлаған. Апат салдарынан жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Сонымен қатар, 2003 жылы туған жолаушы көптеген дене жарақаттарымен Алматы қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Талғар ауданының полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты барлық мән-жайлар объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – делінген хабарламада.