Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 200 отбасы жеті жылдан бері өз үйіне кіре алмай жүр

Алматылық 200 отбасы элиталық тұрғын үйден пәтер сатып алғанымен, баспана кілтін ала алмай жүр. Жеті жылда үйдің тек қабырғасы ғана көтерілген. Қазір тұрғын үй құрылысы мүлдем тоқтап тұр. Ал үлескерлер пәтер жалдап жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Шағымданушылар құрылыс компаниясының тек бірінші кезектегі пәтерлерді сатқанын айтады. Қалғанын “жарты жылда”, “бір жылда үйлі боласыздар” деп алдап келген. Алайда үйдің құрылысы қазір тұралап тұр. Үлескерлердің айтуынша, құрылыс бұған дейін қалай тұрса, қазір де еш өзгеріс жоқ. 

“Өзіміз саяжайда тұрып жатырмыз. Оңай емес, әсіресе жасы келген адамдарға. Зейнетке шыққаннан кейін осы жерде тұрып, өмірдің қызығын көреміз бе деп едік”, – дейді үлескерлердің бірі.

Арызданушылардың көбі үйді алу үшін несие алып, қолындағы соңғы тиынын берген. Алайда үйлі боламыз дегендер пәтер жағалап жүр. Олар шаршы метрі миллион теңге тұратын пәтерден бас тартпайтынын айтып, үйді басқа компанияға өткізіп, құрылысты бітіріп беруін талап етіп отыр.



Үйін 10 жылға жуық уақыт күткен үлескерлер полицияға шағым түсірді.

“Қылмыстық іс аясында 42 азамат ресми түрде жәбірленуші болып танылды. Аудиторлық тексеру, сонымен қатар басқа да сараптамалар мен зерттеу тағайындалды. Қылмыстық іс бойынша процессуалды шешім қабылданады. Тергеушілер қылмыстық іс қозғады”, – деп мәлімдеді Алматы полицияның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алматыдағы "Esentai City" элиталық кешенін 7 жылға сотталған Parmigiano Group компаниясының басшысы Алмас Әбдіғаппаров салған. Оның әйелі Ольга Әбдіғаппарова күйеуінің Болат Назарбаевтан қысым көргенін айтқан еді. Бұған дейін өткізген баспасөз мәслихатында ол танымал "Esentai City" жобасы Болат Назарбаевтың адамдарының назарына ілінгенін айтты.

Талқылау