Алматыда 1,5 млрд теңгеге салынған крематорий денсаулық сақтау министрлігіне керек болмай қалған
Фото: er-ai-construction.kz
Депутат Сергей Пономарёв Алматыда бюджеттен 1,5 млрд теңге жұмсап салынған крематорий денсаулық сақтау министрлігіне керек болмай қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сергей Пономарёв Instagram-дағы парақшасында 2021 жылы салынған крематорий әлі күнге дейін іске қосылмай тұрғанын айтады. Оның себебі әлі күнге дейін крематорийді қарауына алатын ұйым анықталмаған.
"Мұның денсаулық сақтау министрлігіне қажет болмай қалғаны мәлім болды, Жерлеу қызметтері бюросымен келіссөздер жүргізіліп жатыр", – дейді депутат.
Сергей Пономарев крематорий үлкен қала үшін маңызды нысан екенін атап өтті. Крематорий ғимаратында үлкен залдар, Чехияда жасалған газбен істейтін екі пеш бар. Барлық инженерлік желі тартылған.
"Мұндай крематорий қажет, өйткені биологиялық және медициналық қалдықтар өте көп. Күн сайын мұнда 16 мәйітті кремациялауға болады. Пандемия, эпидемия кезінде мұндай нысан өте қажет болады. Әсіресе, Алматы халқының саны шамамен 10-15 жылдан кейін 7,5 миллион адамға жететінін ескерсек қажет", – дейді Сергей Пономарев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы крематорий құрылысы аяқталғанын және оның 2022 жылы мамыр айында іске қосылатыны туралы жазған едік. Алайда кейін нысанның ашылуы 2023 жылға қалдырылған.
Осы жылдың сәуір айында Алматы әкімдігі әділет министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігіне нысанның түпкілікті баланс ұстаушысын анықтау туралы ресми хат жолдағаны хабарланған.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
