Алматыда 10 жасар баланы қабаған иттен құтқарған азаматты әкімдік марапаттады
Фото: gov.kz
Алматыда екі қабаған ит жұлмалап, ауыр жарақат салған 10 жасар баланы құтқарған ер адамды әкімдік марапаттады. Оған алғыс хат пен ақшалай қаржы берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарасай ауданы әкімі алматылық азаматты қабылдады.
“30 маусым күні Алмалыбақ ауылындағы футбол алаңында 10 жасар Максим Головачевке ит шабуыл жасап, бала ауыр жарақат алды. Серікбек Сақайбаев өміріне төнген қауіпті елемей, итке қарсы тұрып, оны бейтараптандырып, баланы өлім аузынан арашалап қалды. Бұл – нағыз азаматтық батылдық пен шынайы ерліктің үлгісі”, – делінген хабарламада.
Қарасай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рустам Атшабаров Серікбек Сақайбаевқа Алғыс хат пен демеушілер атынан қаржылай, естелік сыйлықтар табыстады.
“Бұл оқиға – әрбір азамат үшін үлкен сабақ. Қоғамдағы бейқамдық пен салғырттық адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Заңсыз және бақылаусыз ит ұстау деректері анықталған жағдайда тұрғындар құқық қорғау органдарына немесе аудан әкімдігіне дереу хабарлауға тиіс”, – деді Қарасай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов.
Қарасай ауданы әкімдігі Максимнің тезірек сауығып кетуін тілей отырып, бұл істі толық бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
Еске салсақ, Алматы облысында 10 жасар баланы иттер талап, сан еті мен құлағын жұлып алғаны туралы хабарлаған едік.

Таеквондодан бас бапкер жалған құжат жасап, жасөспірімдер жарысына қатысқан: Министрлік оны жауапқа тартпаған
