Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 10 сәуірден бастап жылу өшіріледі

Алматы жылыту маусымын аяқтауға дайындалып жатыр. 10 сәуірден бастап әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде жылу кезең-кезеңімен өшіріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ru.freepik.com

Алматы әкімі Ерболат Досаев жылыту маусымын аяқтау және 2025-2026 жылдардағы келесі жылыту маусымына дайындық мәселесі бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Қазіргі жағдай туралы Энергетика және су шаруашылығы басқармасының, "Алматы жылу желілері", "Алматыжылукоммунэнерго", "Алматы электр станциялары", "Алатау Жарық Компаниясы", "Алматы Су", Алматы филиалы "QazaqGaz Aimaq" өкілдері баяндады. Олардың айтуынша, 2024-2025 жылғы жылу маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Барлығы 404 білім беру, 128 денсаулық сақтау және 8 863 тұрғын үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген.

Алматыда сыртқы ауа температурасының орташа тәуліктік +8⁰ және одан жоғары болғандықтан және гидрометеорологиялық қызмет тарапынан бес күн бойы тіркелгендіктен 2024-2025 жылғы жылыту маусымын аяқтау туралы шешім қабылданды.

Жылу беру 10 сәуірден бастап кезең-кезеңімен өшіріле бастайды:

  • Әкімшілік ғимараттар;
  • Білім беру мекемелері;
  • Мәдениет нысандар және басқалары;
  • Тұрғын үйлер (тұрғын үй ғимараттары, жатақханалар, қонақүйлер);
  • Әлеуметтік нысандар (балабақшалар, емдеу мекемелері, мектептер, кәсіби мектептер, медициналық-әлеуметтік мекемелер).

Кеңес барысында биыл ұзындығы 39 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланғаны айтылды. Қазір жылу желілері 56,1% тозған, бұл көрсеткішті 54,9%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.

Айта кету керек, 2024 жылы қалада 20 шақырым жылу жүйесі жаңартылды, 85 қазандықта жөндеу жасалды. Бұл жылу беру тиімділігін айтарлықтай арттырып, жылыту маусымын өшірмей аяқтауға мүмкіндік берді.

Бұған дейін Шымкентте жылыту маусымы 7 сәуірде аяқталғаны туралы жазған едік.

Талқылау