Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы зообағында 25 жастағы Хан есімді жираф көз жұмды

Алматы хайуанаттар бағында 25 жыл өмір сүрген Хан есімді жираф көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: instagram.com/almatyzoo

Алматы зообағының мәліметінше, керіктер үшін 25 жыл, адам өмірімен есептегенде 95 жасқа тең екен. Жалпы жабайы табиғатта керіктер шамамен 20 жыл өмір сүреді және бұл жастан асатындары сирек кездеседі екен.

"Хан Алматы хайуанаттар бағына Оңтүстік Африка Республикасынан әкелінген. Ол жергілікті ауа-райына, осындағы ортаға тез бейімделіп, келушілердің сүйікті жануарына айналды”, – делінген хабарламада.

25 жыл ішінде Алматы зообағында Ханның 12 ұрпағы дүниеге келген.


Алматы зообағы екі ай бұрын әкелінген аюдың өлгенін жасырып келген: Чехиялық зообақ тергеуді талап етті


"Қазір Ханнан туған Батыр, Ханзада және Сұлтан атты кішкентай керіктер зообақ қызметкерлерінің қамқорлығында және келушілерді қуантып жүр. Ал  Ханның басқа құлындары Мәскеу, Краснодар өлкесі, Шымкент, Ташкент, Ақтөбе, Ферғана хайуанаттар бағына берілген”, – делінген хабарламада.

Зообақ қызметкерлері Ханның соңғы уақыттарда қарттығына байланысты сырқаттанып жүргенін айтады.

"Хан кешкісін өте белсенді болды. Өзіне берілген жем-шөбін тауысып жеді. Аздап ақсап жүретін. Таңға жуық ол жерге жатып қалды. Әдетте, керіктер толық денесімен жерге жатпайды. Керік үшін 25 жас – адамның 95 жасындай болады. Біз оны бәріміз жақсы көрдік, келушілер де оны жақсы көретін. Ұзақ жылдар бойы Ханға қамқорлық көрсетіп, күтім жасаған барлық қызметкерлерге алғыс айтамыз" – дейді зообақтың "Тұяқты жануарлар" секциясының меңгерушісі Балабек Махатов.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынғаны туралы жазған едік.

Талқылау