Алматы тұрғыны пәтерін бір отбасыға жалға беріп, ақшасын да алмай, өзін де шығара алмай отыр
Алматылық әйел былтырғы мамыр айынан бастап пәтерін бір отбасыға жалға берген. Содан бері жалдаушылар пәтерақы төлемеген және үйді босатпай келеді. Әйел де өзінің меншігіндегі үйінен заңгер ер адамды қуып шыға алмай отыр. Жалдаушылар есіктің құлпын ауыстырып алған. Ал үй иесі жарықты сөндіріп тастаса, жалдаушы өзі қайта қосып алған көрінеді. Өзі коммуналдық қызметтер үшін де төлемейді. Stan.kz ақпарат агенттігі үйді күштеп алмаса, қозғалатын түрі жоқ “окупас” (Испанияда өзгенің үйін иеленіп алатындарды осылай атайды) туралы хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Әйел үйін ресми келісімшарт негізінде жалға берген. Сондықтан полиция бұл жағдайда бәрін тек сот арқылы шешуге болады дейді.
Үйді жалға алған адам туралы интернеттен іздеп көрсе, ол заңгерлік компаниясы бар құқық саласының маманы болып шыққан. Тіпті борышкерлер базасында бұл азаматтың атында 2015 жылдан бастап 63 эпизод тіркелген. Демек ол үйді бірінші рет тартып алып, тегін жалдап отырған жоқ деп топшылайды әйел.
"2024 жылдың мамыр айынан бастап бір ер адам отбасымен менің пәтерімді айына 200 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр. Өзі заңгер, әйелі мен екі баласы бар. Басында ол келіскендей 170 мың теңге көлемінде аванс төледі. Кейін пәтерақы мен коммуналдық қызмет ақысын төлейтін кезде бар проблема басталды. Ол төлеуден бас тартты”, – дейді ол.
Ер адам мен оның отбасы да жалдамалы баспанадан көшуге асықпаған. Коммуналдық қызметке төлемегені үшін пәтердегі электр жарығы өшкен. Ал жалдаушы пәтер есігінің құлпын ауыстырып тастаған. Үй иесі жалдаушыларды үйінен шығарып, қарызын өндіріп алу үшін сотқа жүгінді.
Алғашқы сот отырысы қорғаншылық және қамқоршылық органдары өкілінің қатысуымен өтуі керек еді, себебі жауапкердің асырауында екі баласы бар. Бірақ сот отырысына жалға алушы да, мемлекеттік мекеме қызметкері де келмеді. Сонда да сот талапкердің арызын ішінара қарап, қанағаттандырған. Қаулыға сай, жалға алушы пәтерден шығып, тұрған айлары үшін жалдау ақысын түгел төлеуі керек. Бірақ коммуналдық қарыздар үй иесінің мойнына жазылып тұр.
Бірер сағат бұрын алматылық әйелдің сіңлісі Threads әлеуметтік желісінде сүйінші жаңалықты хабарлады. Бірақ үй иесі тағы бір мәселеге тап болып отырғанын айтты.
“Әпкем сотта жеңіске жетті, сот шешімі күшіне енді. Бірақ сот орындаушысын табу мүмкін болмай отыр. Заң бойынша үйден шығару 50 АЕК көлемінде тұрады және бұл сома жауапкерден алынуы керек. Бірақ сот орындаушы ер адамды қарыздар базасынан көріп, істі қараудан бас тартып, қызметі үшін 1 миллион теңге талап еткен. Ал полицейлер тек сот орындаушымен күштеп шығара аламыз дейді. Әпкем шарасыз күйде”, – деп жазды Гүлназ есімді Threads қолданушысы.
Желі қолданушылары осындай жағдаймен жиі кездесетінін айта бастады. Бұл тұста ең қиыны Қазақстан заңы жозықсыз жалдаушылардың тегін тұруына жағдай жасап қойғандай дейді олар.
“Біздің заң осылай жұмыс істейді. Мұндай жағдаймен екі рет кезіктім. Жалға алушы әдейі уақыт созады, апелляцияға береді, сөйтіп тегін тұруын жалғастырады. Оларды өз үйіңнен қуып шығуға 8 ай кетеді. Оның үстіне бұл жеке сот орындаушының арқасында ғана мүмкін. Ал сот орындаушының құны қанша екенін білсеңіз!”, – деп жазды желі қолданушысы.
Кейбірі мұндай жағдайда үш жыл соттасқан көрінеді. Ал жалдаушы сол уақытта үйді өзінің атына аударып үлгерген.