Алматы түрмесіндегі сотталушы АҚШ-тан есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған

Фото: freepik.com
Алматы қаласында жазасын өтеп жүрген сотталушы есірткіні АҚШ-тан жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды. Іс барысында құрамында ұлттық қауіпсіздік және қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері бар 20 адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу кезінде жалпы салмағы 43 келі болатын марихуана мен каннабис сығындысы тәркіленген.
“Тергеу барысында жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан сотталған адам АҚШ-тан есірткі құралы - марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды. Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде "Жетісу" кеден бекетінде салмағы 43 кг құрайтын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олар іс бойынша заттай дәлелдемелер деп танылды. 20 күдікті, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталды”, – делінген хабарламада.
Күдіктілер заңсыз қызметтен алынған табысты жылжымайтын мүлікті, жер учаскелерін және автокөлік құралдарын сатып алу жолымен заңдастырған. Соттың санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 автокөлік құралына тыйым салынды.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді